Мәжілісте аграрлық мәселелер комитетінің кеңейтілген отырысы өтуде. Отырыс барысында еліміздегі киік популяциясының артуынан туындап отырған экологиялық және ауыл шаруашылығына қатысты өзекті мәселелер талқыланып жатыр, хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Депутат Серік Егізбаевтың айтуынша, мемлекет басшысы биыл наурыз айында өткен Ұлттық құрылтайда браконьерлікпен күрес шараларының нәтижесінде киіктердің саны айтарлықтай өскенін атап өткен болатын. Оның сөзінше, киік популяциясының қалпына келуі – қуанарлық жағдай. Алайда бұл үдеріс өзімен бірге бірқатар жаңа сын-қатерді де ала келді. Атап айтқанда, экожүйеге түсетін салмақтың артуы, егістік пен жайылымға келтірілетін зиян, сондай-ақ эпизоотиялық жағдайдың нашарлау қаупі байқалып отыр.
Осыған байланысты президент Үкіметке салалық мамандарды тарта отырып, бұл мәселені жан-жақты зерттеуді және ғылыми негізделген шешім қабылдауды тапсырған болатын. Кеңейтілген отырыс осы тапсырма аясында ұйымдастырылды. Сонымен қатар депутаттарға еліміздің батыс және орталық аймақтарындағы фермерлерден келіп түскен көптеген өтініштер бұл мәселеге назар аударудың маңыздылығын көрсетті. Ауыл тұрғындары киіктердің көбеюі ауыл шаруашылығына елеулі шығын келтіріп отырғанын айтып, ашық диалог пен нақты шешімдердің қабылдануын сұрайды, – деді Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев.
Отырысқа Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, облыстық инспекциялар, ғылыми-зерттеу мекемелері, қоғамдық ұйымдар, облыс әкімдіктерінің орынбасарлары мен халықаралық сарапшылар қатысып жатыр.