Алматылық полицейлер интернет-алаяқтықпен байланысты жасырын сызбаны анықтап, оның жолын кесті.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында құқық қорғау органдары мессенджерлердегі аккаунттарды тіркеу және оларды үшінші тұлғаларға тапсыру үшін пайдаланылған SIM-карталар мен мобильді құрылғыларды жаппай сатып алған әйелді ұстады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Тексеру нәтижесінде белгілі болғандай, бұл схемалар алаяқтардың анонимді әрекет етуіне мүмкіндік берген. Олар өзін мемлекеттік орган немесе банк қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарды алдаған.

"Ұсталған әйел "жеңіл табыс" туралы хабарламаға жауап беріп, сыйақы үшін жүздеген абоненттік нөмірлерді өз атына рәсімдегенін мойындады. Дәл осы нөмірлер арқылы бірнеше қылмыстық істерге қатысы бар қоңыраулар жасалғаны анықталды. SIM-карталар, пошталар, банк және мессенджер аккаунттарымен байланысты кез келген "үйден жұмыс" ұсынатын хабарламалар – бұл жоғары қауіптілік белгісі. Адам мұндай әрекеттер арқылы өз еркінен тыс қылмыстық әрекетке араласып кетуі мүмкін. Сондықтан мұндай ұсыныстарға сақтықпен қарап, артында қандай мақсат тұрғанын терең ойлаған жөн", – деді Алматы қалалық ПД киберқылмыспен күрес басқармасының бастығы Әнес Қалдыбаев.

Қазіргі таңда полиция мұндай заңсыз схемаларды анықтау мен жою бағытында жұмыстарын жалғастыруда. Тәртіп сақшылары азаматтарды интернеттегі күмәнді әрекеттер туралы бірден құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырады.

Айта кетейік, елімізде 25 мамырдан бастап заңсыз әкелінген телефондар бұғатталады.

Ал, бұдан былай SIM-карталарды сату құқығы тек телефон операторларына берілмек. Тиісті бұйрық әзірленіп жатыр.

Мұндай шешім еліміздегі жиі болатын интернет-алаяқтықпен күресу үшін қабылданып отыр.