Егер ресми орташа жалақы (448,6 мың теңге) негізге алынса, iPhone сатып алу үшін 24 күн жеткілікті.
19 қыркүйектен бастап әлемде Apple-дің жаңа өнімі – iPhone 17 сатылымға шығады. Қазақстанда 256 Гб жады бар ең қолжетімді нұсқасының бағасы шамамен 429 мың теңгеден басталады, ал ең қымбат үлгісі – 912 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Finprom зерттеуі бойынша, Қазақстан "iPhone индексі" бойынша әлемдік рейтингте 82-орынға тұрақтады. Орташа есеппен қазақстандыққа жаңа смартфон сатып алу үшін 37 жұмыс күні, яғни 1,7 айлық жалақы қажет.
Алайда ресми статистика бойынша орташа атаулы жалақы 448,6 мың теңге болады. Осы табыс деңгейімен iPhone 17-ге ақша жинау үшін 24 күн жеткілікті. Бірақ елде ең жиі кездесетін (модальды) жалақы небәрі 97,6 мың теңге. Мұндай табыс алатын азаматтарға телефон алу үшін кемінде бес айлық жалақысын жинауға тура келеді.
Сала бойынша ең қысқа мерзімде смартфонға қол жеткізетіндер – қаржыгерлер (11 күн), мұнай саласының қызметкерлері (12 күн) және IT мамандары (13 күн). Ал ауыл шаруашылығы мен коммуналдық қызмет саласындағыларға бір айдан артық уақыт қажет болады.
Оқи отырыңыз: Маңғыстауда кәсіпкер арзан iPhone уәде етіп халықтан 144 млн теңге жинаған
Өңірлерде де айырмашылық бар:
- Маңғыстау мен Атырауда iPhone сатып алу үшін 17-18 күн,
- Астанада – 18 күн,
- Солтүстік Қазақстан облысында 32 күн жұмыс істеу керек.
Әлемдік рейтингте көш басында Швейцария, Люксембург пен Исландия тұр. Бұл елдердің тұрғындары жаңа iPhone-ға бар болғаны 3-4 күнде ақша жинай алады. Ал Кубада орташа жалақы иелеріне гаджет үшін 1,5 жылдан астам уақыт қажет.