Қазақстанда су ресурстарын тиімді басқару мақсатында бірыңғай цифрлық есеп жүйесі жасалуда.

Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов аппарат кеңесінде мәлімдеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, заңсыз су пайдаланумен күрес және су ресурстарын басқаруды жетілдіру бағытында бірқатар шаралар қабылдануда. Министрлік ІІМ және Бас прокуратурамен бірлесіп, рейдтік іс-шаралар мен тексерулер жүргізетін жұмыс тобын құрмақ.

Су саласында заңсыздықтарды болдырмау үшін Әкімшілік және Су кодекстеріне түзетулер, вегетациялық кезеңді цифрлық мониторингтеу жүйесі және су кадастрын жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, «Қазсушар» РМК-ның «Су-метрология» филиалы қайта құрылып, су есепке алу жүйелерін орнату және тексеру жұмыстарымен айналысады.

Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіру жобасы да күн тәртібінде. Құжаттамасы әзірленіп, Ислам даму банкі арқылы қаржыландыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр.