Шымкентте балаларды қорғау күніне орай ойын алаңдары қалпына келтіріліп жатыр, деп хабарлайды 24KZ. «Таза Қазақстан» экоакциясына қатысушылар әткеншек пен сырғанақтарды сырлап, төңіректі түгел сыпырып шықты. Ағаштардың қураған бұталарын қырқып, айналаны күл-қоқыстан тазартты.

Жалпы Теріскей шағынауданына қарасты тұрғын үй секторларының аумағынан 5 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Бұл жұмыстарға коммуналдық мекеменің 70 қызметкері мен арнайы техникалары жұмылдырылды. Тұрғындар да өз ауласының санитарлық жағдайын жақсартуға атсалысты. Игі бастама қаланың барлық ауданын қамтып, ұйымдастырылып жатыр.

Гүлжамал Желеуова, қала тұрғыны:

- Балалардың есіктің алдында, таза жерде ойнағаны бізге де жақсы ғой. Бәрін балалар үшін істейміз. Алаңша, өзіміздің ауламыз, өз халқымыз, өзіміздің жүретін жеріміз болғаннан кейін таза болғаны өте жақсы. Бейжай қарамаймыз. Ауламызды жөндеп бергеннен кейін «жеген нәрселеріңді жәшікке тастаңдар, шетке тастамаңдар, сенбілікке қатысыңдар», – деп айтып отырамыз.