2018 жылғы әлем чемпионы қазақстандық боксшыны жарыс жолынан шығарды

Қазақстандық боксшы Надежда Рябец Англияның Ливерпуль қаласында өтіп жатқан 2025 жылғы әлем чемпионатының 1/8 финалында жеңіліп қалды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.

1bol.kz сайтының жазуынша 75 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен отандасымыз қытайлық Лина Уангпен қолғап түйістірді. Тартысты өткен жекпе-жектің қорытындысы бойынша төрешілер жеңісті Уангқа берді. Сөйтіп ол ширек финалға жолдама алды. Ал Рябец Қазақстан боксшыларынан екінші болып, жарысты аяқтады. Бұған дейін 54 келіде өнер көрсеткен Элина Базарова бірінші айналымда өзбек боксшысына есе жіберген.

Айта кетері, Лина Уанг – 2018 жылғы әлем чемпионы, сондай-ақ үш дүркін қола жүлдегері (2019, 2025) және 2023 жылғы күміс жүлдегері. Ал Надежда Рябец 2023 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері болған.

Ал 60 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен бұрымды боксшымыз Виктория Графеева 1/16 финалда Косово елінің өкілі Донета Садикумен кездесіп, төрешілердің шешімімен жеңіске жетті. Осылайша, Виктория 1/8 финалға жолдама алды.