Сот газ құю бекетіндегі жарылысқа директор мен жүргізушіні кінәлі деп таныды.

Түркістан облысы, Жетісай ауданында жанармай құю бекетінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамай, екі адамның өліміне себеп болған JOL YRYSY компаниясының директоры мен жүргізушісі сотталды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қайғылы жағдайға алып келген оқиға осы жылдың 21 наурызында болған. Араға бір ай салып 2025 жылдың 29 сәуірінде іске қатысты сот процесі өтті.

Сот өрт қауіпсіздік талаптарының ережелерін сақтамай, 2 адамның өмірін жалмаған өртке байланысты JOL YRYSY ЖШС-нің жүргізушісі және оның басқарушы директорын әрқайсысына 5 жылдан бас бостандығынан айыру жазаларын тағайындады. Сонымен қатар, моральдық және материалдық шығынның бір бөлігі өтелді.

Айта кетейік, 21 наурыз күні cтанция зақымданып, резервуардан газ ағып кеткен. Жалын жақын жерде тұрған көлікке тиіп, салдарынан 2 кісі сол жерде тіл тартпай кетті. Тағы 3 адамды күйік шалып, ауруханаға түскен болатын.