Түркістан облысында ұзындығы 152 шақырым болатын « Дарбаза-Мақтаарал » теміржол құрылысы қарқынды жүріп жатыр.

Ірі инфрақұрылымдық жоба Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып келеді. Жаңа шойын жол еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамытып, көрші елдермен алыс-берісті арттырады.

«Дарбаза-Мақтаарал» темір жолы Сарыағаш, Келес, Шардара, Жетісай мен Мақтаарал аудандары арқылы Өзбекстанға дейін барады. Жоба іске қосылған кезде алыс-жақын шетелдерге тауар тасымалы артады. Құрылыс екі кезеңде жүргізіледі. Бірінші кезеңде жер тегістеліп, жол бойында 3 станция, 2 разъезд салынады. Көпірлер мен су өткізетін құбырлар болады. Бүгінге дейін 90 шақырым жердің ой-шұқыры тегістелді.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Жоба бойынша жаңа темір жолдың бойынан дәл мынадай 35 көпір салу жоспарлануда. Бүгінгі күні соның 24-де құрылыс жұмыстары басталған. Бұдан бөлек 125 темірбетонды су өткізгіш құбыр қарастырылған болса, дәл қазір соның 54-де құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.

Құрылысқа қажетті материалдың барлығы отандық өнім. Мамандар жергілікті кәсіпорындарда өндірілген цемент, бетон, арматуралар қолданылып жатқанын айтады.

Самархан Жадаев, мердігер мекеменің атқарушы директоры:

-60-70 пайызын салып қойдық. Көпірдің ұзындығы — 94 метр, биіктігі 10 метр болады. Керекті нәрселердің барлығы қамтамасыз етілген. Бас мердігер жағынан да, КТЖ жақтан да қадағалау, зертханалар бар сапасын тексеріп жатыр. Жобаға сай жақсы көпірлер салынып жатыр. Алдағы қазан айында өткіземіз деп жоспарлап жатырмыз.

Бұдан бөлек Сырдария өзенінің үстінен ұзындығы 500 метр болатын үлкен көпір түседі. Оның да құрылысы басталған. Жалпы теміржол құрылысының құны — 286 млрд теңге. Бас мердігер өкілінің айтуынша, құрылыс жұмыстары кестеге сай жүргізілуде.

Азамат Оспанов, «Дарбаза-Мақтаарал» теміржол желісінің атқарушы директоры:

- Осы қараша айында рельс-шпалды торларды төсеуді бастаймыз. Арыстағы базамызда қазіргі таңда 110 шақырым рельс-шпалдан құрылған тор дайын тұр. Бүгінгі таңда құрылысқа 350 техника жұмылдырылған және 750-800-ге жуық адам жұмыс істеуде. Үлкен қарқынды жұмыстар жүріп жатыр.

Құрылыстың екінші кезеңі келесі жылы басталады. Онда 18 шақырымға теміржол төселеді. Жоба бойынша 1 станция, 1 разъезд, 1 бақылау пункті және 1 шекара бекеті ашылады. Тасымалдаушы ұлттық компания өкілдерінің айтуынша, ол кезде көрші Өзбекстанмен ғана емес, алыс-жақын шет мемлекеттермен де алыс-беріс артады.

Нұрлан Нұрбаев, тасымалдаушы компанияның ірі жобаларды іске асыру жөніндегі дирекция басқармасының басшысы:

- Темір жолдың салынуы — Түркістан облысы бойынша Мақтаарал-Жетісай аудандарының экономикалық жағдайын жақсарту — бірінші кезекте. Ол жақта темір жол жоқ. Екінші мәселе алыс жатқан шетелдермен транзиттік жүкті темір жол арқылы өткізіп, Каспийден ары қарай паронмен жіберуге үлкен ықпалы тиеді.

Еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін арттыратын жоба 2026 жылдың желтоқсан айында тапсырылады деп жоспарланып отыр. Шойын жол құрылысы пайдалануға берілгенде 550 адамға жұмыс орны ашылмақ.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш