Сот отырысы ашық форматта өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Шымкент қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 4-бөлігі (көрiнеу жалған мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісі бар көлікті басқару) бойынша істі қарады.

Сот материалдарына сәйкес, 20 тамызда Lexus маркалы көлік тоқтатылып, жүргізушісі Ерғали Аманбаев екені анықталды. Көлікке орнатылған "777…" мемлекеттік нөмірдің басқа автокөлікке тіркелгені белгілі болды. Бұл дерек әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, бейнематериалмен және заттай дәлелдемелерді алу актісімен расталды.

Сот барысында жүргізуші көлікке жалған нөмірді туысы орнатқанын, ал өзінің бұл жағдайды байқамағанын айтып, қатаң жаза қолданбауды сұрады.

Сот құқық бұзушылық фактісі расталғанын мәлімдеп, жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жайлар анықталмағанын хабарлады.

Нәтижесінде, Ерғали Аманбаев кінәлі деп танылып, оған 4 тәулікке әкімшілік қамау және бір жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.