Былтыр Атырау облысында үш мектеп бала оқытуды бастаған еді. Қыркүйекте тағы үш мектеп ашылады.

Жалпы 2023-2025 жылдар аралығында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 9 мектеп тұрғызу жоспарланған. Қалған мектептер жыл аяғына дейін тапсырылуға тиіс. Соның арқасында облыста үш ауысыммен оқытатын білім ошақтары азаймақ.

«Жұлдыз» ықшам ауданының тұрғындары мектеп құрылысының аяқталуын асыға күтті. Себебі 30 мыңнан астам тұрғыны бар ауданда 640 орындық жалғыз білім ошағы бар еді. Онда 3 мыңға жуық оқушы 3 ауысымда білім алып келді. Енді жаңа да жайлы ғимаратқа көшті.

Бәтима Қуанышева, қала тұрғыны:

- Немерем Ермекбаев Нұрғаділ 39-мектепте 3 ауысымда оқып келді. Нұрсұлтан деген немерем де оқып жүрді, 3 ауысымды мектепте. Бірі келсе, бірі кетіп жатады. Қиын болып еді. Осы мектеп бастап салынғаннан бастап қуандық, қашан біткенше асығып. Енді бүгін сол қуанышымызға кенеліп жатырмыз.

«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған жаңа мектеп ғимаратында балалар үшін барлық жағдай қарастырылған. Мұнда 50 сынып-кабинеті, 3 спорт залы, 200 орындық асхана бар. Жаңа мектепте балалар 1 ауысымда оқиды. Ал түстен кейін түрлі факультативтер мен үйірмелер жұмыс істейді.

Орынгүл Қуандықова, мектеп директоры:

- Бұл жерде оқушыларға арналған химия кабинеттері, зертханасы, стем кабинеттері, хореография кабинеттері бар. Оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында барлық оқуышлар асханамен, кітапханамен қамтылған. Қазір біз 1 мыңға жуық оқушының құжаттарын қабылдап, 1 қыркүйекте жұмысымызды бастаймыз деп отырмыз.

Жаңа оқу жылы қарсаңында осындай 3 мектеп іске қосылады. Ол бұған дейін 3 ауысымда оқытқан білім ошақтарының жүктемесін азайтуға ықпал етеді.

Марат Әбуов, облыстық Білім беру басқармасының басшысы:

- Жаңа оқу жылында пайдалануға берілетін мектептерде бір ауысымда 900 орындық болады. 2700 жаңа орын ашылады. Егер екі сменада оқитын болса, 5400 балаға орын дайын. Мектептердің негізгі мақсаты осы өңірдегі білім сапасын арттыруға, оқушыларға қолайлы орта туғызуға және қазіргі заманауи технологиялар мен құрал-жабдықтарды пайдалануға бейімделген.

Облыста бұған дейін 11 мектеп 3 ауысыммен жұмыс істеді. Биыл олардың саны 8-ге төмендеді. Жыл аяғына дейін «Келешек» ұлттық жобасымен тағы 3 мектеп пайдалануға беріледі. Осылайша, жергілікті билік 2027 жылға дейін 3 ауысымдық мектептер мәселесін шешеді.

Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин, 2KZ