Орал тұрғыны үш жыл бойы бұрынғы сүйіктісінен ақша бопсалаған, деп хабарлайды Skifnews .kz ақпарат порталы.
23 жастағы ер адам қызымен ажырасып кеткен соң, олардың ортақ өткенін ақша табу көзіне айналдырған.
Осы уақыт ішінде жас жігіт бұрынғы сүйіктісін интимдік суреттерін желіге жариялаймын деп қорқытып, үш жыл бойы бопсалаған.
Сол арқылы ол қыздан жалпы сомасы 9 миллион теңгеден астам ақша алған.
Оны кезекті 150 мың теңге алып жатқан сәтінде ұстады.
«Бопсалау фактілері банк аударымдары мен мессенджердегі хат алмасулар арқылы дәлелденді. Күдікті кезекті 150 мың теңгені алып жатқан сәтінде қолға түсті. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, ал ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде, тергеу барысы департамент басшылығының бақылауында», – деп хабарлады Полиция департаменті.
Сондай-ақ ведомство кез келген бопсалау фактісі орын алған жағдайда құқық қорғау органдарына дереу жүгіну қажеттігін еске салды. Қылмыскерлердің талабына көнбеу керек және мәселені өз бетінше шешуге тырысудың қажеті жоқ – бұл жағдайды одан әрі ушықтыруы мүмкін.