Дипломаттар Қазақстан мен Индонезия арасындағы туризм мен сауда айналымының өсімін талқылады.
Астанада Индонезия диаспорасының өкілдері өз елінің Тәуелсіздік күнін атап өтті. Іс-шара барысында Индонезияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Фаджрул Рахман жиналған қауымды ұлттық мерекемен құттықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Елшінің айтуынша, 2024 жылы Индонезияға 21 мыңға жуық қазақстандық туристік мақсатта барған. Ендігі мақсат – бұл көрсеткішті 50 мыңға дейін жеткізу. "Қазақстандықтарды Бали аралында күтеміз", – деді дипломат.
Сонымен қатар, ол индонезиялық туристердің Қазақстанға деген қызығушылығы артып келе жатқанын атап өтті. Биылдың өзінде 5 мыңға жуық Индонезия азаматы елге келген. "Біз бұл санды 15 мыңға дейін арттырғымыз келеді. Индонезиялықтар тек Алматыға ғана емес, Астана, Түркістан, Ақтау және Павлодар қалаларына да сапар шексе дейміз", – деді Рахман.
Тараптар туризмнен бөлек, сауда-экономикалық ынтымақтастықты да дамытуға ниетті. Қазіргі таңда екі ел арасындағы тауар айналымы шамамен 700 миллион долларды құрайды. Алайда индонезиялық тарап бұл көрсеткішті 1 миллиард долларға дейін жеткізуді көздеп отыр.
"Қазақстаннан біз алоэ мен түрлі минералдарды импорттаймыз. Ал Индонезиядан пальма майы, кофе, шай, кокос майы және басқа да өнімдер экспортталады", – деді елші.
Сондай-ақ, Фаджрул Рахман 23 тамызда Астанада АСЕАН жазғы фестивалі өтетінін еске салды. Іс-шараны Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығына мүше елдердің – Индонезия, Малайзия, Вьетнам және Таиланд елшіліктері бірлесіп ұйымдастырады.