Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері қазақстандықтарға бала тууына және оны күтуге қатысты мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер төленді.
Жыл басынан бері жалпы сомасы 506,7 млрд теңгеге 408,5 мыңнан астам адам қамтылды. Оның ішінде тек бала тууына арналған жәрдемақыға республикалық бюджеттен 36,4 млрд теңге бөлініп, бұл қолдауды 201,7 мың азамат иеленді. Шілде айында ғана 5,9 млрд теңге сомасына 32,4 мың адамға төлем жүргізілді. Жәрдемақыны бала туған, асырап алған немесе қамқорлығына алған азаматтар, қандастар және елде тұрақты тұратын шетелдіктер ала алады.
Бала күтіміне байланысты мемлекеттік жәрдемақымен биылғы есептік кезеңде 124,1 мың адам қамтылып, оған 25,4 млрд теңге жұмсалды. Шілде айында бұл төлемді 125,8 мың азамат алып, жалпы сомасы 3,7 млрд теңгені құрады.
Мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері жыл сайын айлық есептік көрсеткішке (АЕК) сәйкес белгіленеді. 2025 жылдың қаңтарынан бастап төлемдер 6,5%-ға индекстелді. Биылғы мөлшер келесідей:
-
бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 АЕК (149 416 теңге);
-
төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК (247 716 теңге).
Ал бала күтіміне байланысты ай сайынғы төлемдер:
-
бірінші балаға – 22 648 теңге;
-
екінші балаға – 26 777 теңге;
-
үшінші балаға – 30 866 теңге;
-
төртінші және одан көп балаға – 34 995 теңге.
Жұмыс істейтін ата-аналарға міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) жүктілікке, босануға және баланы асырап алуға байланысты кірісінен айырылған жағдайда қосымша әлеуметтік төлемдер қарастырылған. Биыл бұл біржолғы төлемді 133,6 мың адам алып, жалпы сома 190,7 млрд теңгені құрады. Шілдеде ғана 24 млрд теңгеге 21,8 мың адамға төленді. Орташа мөлшері — 1,52 млн теңге.
Сонымен қатар, МӘСҚ жүйесіне қатысушыларға бала бір жарым жасқа толғанға дейін табысынан айырылғаны үшін ай сайынғы әлеуметтік төлем тағайындалады. Оның көлемі соңғы екі жылдағы орташа табыстың 40%-ын құрайды және әр балаға жеке есептеледі. 2025 жылдың 7 айында бұл төлемді 150,8 мың адам алып, жалпы сомасы 254,2 млрд теңгені құрады. Шілде айында төлем көлемі 36 млрд теңгені құрап, 21,6 мың адамға берілді. Орташа айлық мөлшері — 88 766 теңге.