Жаңа кәсіби мереке – Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлер күні белгіленді, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Экономика министрлігіне сілтеме жасап.

Қазақстанда 29 қазаннан бастап кәсіби мереке — Кәсіпкерлер күні атап өтіледі. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тиісті бұйрығына 2025 жылғы 30 шілдеде қол қойылып, бекітілді.

Мереке күнінің дәл осы күнге түсуі маңызды тарихи оқиғамен байланысты: 2015 жылғы 29 қазанда Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі қабылданған еді. Бұл кодекс кәсіпкерлік, инвестициялар, бәсекелестік және мемлекеттік бақылау салаларындағы негізгі заңнамалық актілерді біріктіріп, бизнесті қолдау жөніндегі бірыңғай мемлекеттік саясаттың базалық қағидаттарын қалыптастырды.

Бүгінде елде 2 миллион 300 мыңнан астам бизнес субъектісі тіркелген. Кәсіпкерлерді қолдау экономикалық саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала бермек. Тек осы жылдың өзінде 2 мыңнан астам жобаға 288 миллиард теңгеден астам субсидия берілді, сондай-ақ 737 жоба бойынша 61 миллиард теңгеге кепілдік берілді. 9 мыңға жуық кәсіпкер арнайы оқудан өтті.

2025 жылы шағын және орта бизнесті қолдауға 270 миллиард теңгеден астам қаржы бағытталмақ. «Өрлеу» жеңілдетілген несие беру бағдарламасы іске қосылды, несие мөлшерлемесі 12,6%. Қолдаудың жалпы көлемі 750 миллиард теңгені құрайды, оның 300 миллиарды — «Даму» қорының, ал 450 миллиарды — банк ресурстарының есебінен. Қазірдің өзінде 200 миллиард теңгеге жуық 400 жоба қаржыландырылды.

Бизнес өкілдерінің хабардарлығын арттыру мақсатында «Цифрлық бизнес картасы» жобасы іске асырылады. 100-ден астам қолдау шараларын қамтитын Реестр бекітілді. Сонымен қатар, «Бәйтерек» холдингі қолдау шараларын қамтитын «Bgov» ақпараттық жүйесі мен «eGov Business» қосымшасы біріктірілді. Бұл қосымшаны 71 мыңнан астам пайдаланушы 2,3 миллион рет қолданған.