Алматыда ТЖД құтқарушылары 2014 жылы туған баланы аман алып қалды. Ол салынып бітпеген жаяу жүргіншілерге арналған көпірге шығып, өздігінен түсе алмай қалған, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, оқиға Алатау ауданындағы Зерделі шағынауданында болған. 11 жастағы бала құрылысы аяқталмаған көпірге көтерілген, бірақ қорқып қалғандықтан, төмен түсе алмаған.

Оқиға орнына жеткен құтқарушылар үш секциялы сатыны пайдаланып, баланы абайлап жерге түсірді. Кейін оған қауіпсіздік ережелерін сақтау жөнінде профилактикалық әңгіме жүргізілді.

"Құтқарушылар ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмауды, әсіресе салынып бітпеген нысандар мен қауіпті жерлердің маңында сақ болуды ескертеді", – делінген хабарламада.

Бұған дейін Риддерде үйде ересектерсіз ойнап жүрген 2014 жылы туған қыз бала кіржуғыш машинаның барабанына кіріп, ішінде қысылып қалғаны хабарланған еді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget