Түркістан облысында туристер санының артуымен бірге қоршаған орта да ластанып барады, деп хабарлайды 24kz.

Біркөлік шатқалына мониторинг жүргізген Қоғамдық кеңес мүшелері демалушылардан кейін экожүйеге орасан зиян келіп жатқанын мәлімдеді. Айтуынша, өзен жағалауы мен сай-сала полиэтилен пакетке, пластмассалық заттарға толған. Тексерісінен кейін су қорғау белдеуінде орналасқан 85 кәсіпкерлік нысанына қатысты іс-құжаттар сот қарауына ұсынылды.

«Тазалықтың сақталуын ұдайы қадағалау үшін бейнебақылау камераларын орнату қажет», — дейді табиғат жанашырлары.

Құрмет Керімбеков, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі:

- Мысалы 50 мың демалушы келетін болса, біз оның соңына 50 мың тазалықшы қоя салмаймыз. Ол мүмкін емес нәрсе. Одан да халықтың мәдениетін қалыптастырып, үйреткен дұрыс. Ең таза жер ол шашпай жүрген жер. Яғни, патриотизм деген ол өзінің туған жеріне, өзінің еліне деген сүйіспеншілігі ғой. Экологиялық мәдениет жеңіл айтылғанымен, оның мағынасы өте терең.