Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен және "Атырау қ. Жастар ресурстық орталығы " КММ ұйымдастыруымен өткен "Тәуелсіздік ұрпақтары" грант жобасы өз мәресіне жетті.

Жеңімпаздар "ATYRAU JASTAR FEST 2025" фестивалі аясында марапатталды, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Биылғы жоба алты бағытты қамтыды: "Ғылым", "Медиа", "ІТ", "Мәдениет", "Бизнес" және "Волонтерлік". Әр бағыт бойынша үш үздік жоба іріктеліп, жалпы саны 18 жас грант иегері атанды. Әрқайсысына 1 миллион теңгеден қаржылай қолдау көрсетілді.

– Медиа бағыты бойынша "Balamura" атты жылжымалы қуыршақтар театры жобасын ұсындым. Үздіктер қатарынан табылып, бүгін осындай үлкен сахнада марапатталу – мен үшін үлкен қуаныш. Алдағы алты айда жобаны толық жүзеге асырып, әрі қарай дамытуға ниеттімін, – деді грант иегері Айгерім Жолдасова.

Айта кетейік, "Тәуелсіздік ұрпақтары" грант жобасы – жастардың тың бастамаларын қолдап, белсенді әрі шығармашыл буынды қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік қолдау тетігі.