Заңмен тыйым салынған өнімдер Қазақстанның барлық өңірлеріне Telegram мессенджері және курьер арқылы таратылған.

Қаржылық мониторинг агенттігі электрондық тұтыну жүйелері (вейптер), хош иістендіргіштер мен оларға арналған сұйықтықтардың заңсыз айналымын жүргізген ірі көтерме желінің қызметін тоқтатты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде 5 қойма анықталды. Тінту барысында 490 мыңнан астам вейп тәркіленді, олардың сатылымынан түсетін кіріс 6 млрд теңгеден асуы мүмкін еді.

Бұдан бөлек, күдіктілер қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру схемасын ұйымдастырған. Олар ірі сомаларды қолма-қол ақшаға айналдыру және қылмыстық жолмен келген ақшаның ізін жасыру мақсатында банктік карталар өз атына ресімделген адамдарды, яғни дроперлерді – пайдаланған.

Қылмыстық табыстың бір бөлігі шетелден кофе жеткізуге арналған мәмілелерге жұмсалған, жалпы сомасы 92 млн теңгеден асады.

Соттың санкциясымен тыйым салынған өнімдерді тасымалдау үшін пайдаланылған автокөлікке тыйым салынды.

Заңсыз бизнестің ұйымдастырушыларына іздеу жарияланып, олар қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасымен іздестірілуде.

Қазір тергеу жалғасып жатыр.

ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.