Полиция жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.

13 тамызда Белов-Қалқаман автожолындағы Сольветка ауылының маңында Тойота Ипсум және Тойота Камри маркалы екі автокөлік соқтығысқан, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Апат салдарынан екі жүргізуші де сол жерде көз жұмды. Бір жолаушы ауруханаға жеткізілді.

Өңірлік полиция департаменті кісі өлімімен аяқталған қайғылы жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккен жолаушы 19 жаста, Астана қаласының тұрғыны.

"Оқиға кезінде басы, кеуде тұсы, аяғы жарақаттанып, сүйектері сынған. Ол жедел жәрдем көлігімен Ақсу қаласына жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылды. Жағдайы ауыр, өкпесіне жасанды демалдыру аппараты жалғанған. Барлық медициналық көмек көрсетіліп жатыр", – деп мәлімдеді басқармадан.

Полиция департаменті мұндай қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін жол қозғалысына қатысушыларға жылдамдық режимін сақтауды ескертіп отыр. Әсіресе көлік көп жүретін жерлерде жылдамдықты шамадан тыс асырмау, абай болу, көлік құралының техникалық жағдайын бақылау маңызды екенін еске салады.