Ақтөбеде тұрғындар киік етін алу үшін кезекке тұрып жатыр.
Ақтөбедегі ағайын ақбөкеннің етін жеуге көшті. Бүгінде тұрғындар киік етін таласып алып жатыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Мәселен, кейінгі екі күннің ішінде үш тонна ет сатылып кеткен. Себебі сайғақ етінің бағасы сиыр етіне қарағанда әлдеқайда арзан. Яғни, бір келісінің құны — 1800 теңге тұрады.
Ақтөбедегі "Алтай" сауда орталығында киік етінің саудасы қызып тұр. Ет алу үшін кезекке тұрғандар көп. Сатушылар киіктің тұтас етін мұздатылған күйі әкеліп жатыр. Ал киік еті Батыс Қазақстан облысынан келеді екен. Және сұраныс жоғары сайғақ етінің сапасы арнайы зертханада тексеріледі дейді базардағылар.
Ақтөбеде тұрғындар киік етін алу үшін кезекке тұрып жатыр. Келісі 1800 теңгеден сатылуда. Мәселен, мына тұтас киіктің бағасы 30-35 мың теңге тұрады. Тұрғындар бағасы да, сапасы да көңілімізден шығады дейді.
Ал мамандар ақбөкен етінің адам денсаулығына пайдалы екенін айтады. Әсіресе қант диабеті, бауыр және асқазан ауруларымен ауыратындарға ем ретінде ұсынылады екен.
Мамандардың айтуынша, сатылымдағы сапалы, барлық санитарлық талаптар сақталған. Ал Ақтөбе облысында қазіргі күні 450 мыңға жуық киік бар. Бірақ оларды атуға рұқсат жоқ.