Қоныс аудару туралы шешім Израильдің ХАМАС-қа қарсы 22 айлық шабуылынан кейін басталған.

Мысырдың қарсылығына қарамастан, Израиль палестиналықтарды Газа секторынан көшіру үшін Оңтүстік Суданмен келіссөздер жүргізіп жатқанға ұқсайды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мұны дұрыс шешім деп есептейді. Бұл ерікті түрде жүзеге асады әрі халық Африка елдеріне қоныс аударатын болады.

– Соғыс заңдарына сәйкес, халықтың көшуіне мүмкіндік беріп, содан кейін сонда қалған жауға бар күш-жігерімізбен шабуыл жасау дұрыс деп санаймын, – деп нақтылады Нетаньяху.

Оқиғаның нақты қалай бағыт алатыны әзірге белгісіз. Себебі, палестиналықтар, адам құқықтарын қорғау ұйымдары және халықаралық қауымдастық өкілдері бұл ұсынысты адам құқығын бұзу, тұрғындарды елден күштеп шығару деп қабылдады.

Өз кезегінде Оңтүстік Судан сыртқы істер министрлігі Израильмен палестиналықтарды қоныстандыру туралы келіссөздерді жоққа шығарып, негізсіз екенін хабарлаған.

Әлбетте, Мысыр өз аумағына босқындардың жаппай ағылуынан қауіптеніп, бұл жоспарға үзілді-кесілді қарсылық білдіріп отыр.

Осыған дейін әлемге әйгілі актриса Анджелина Джоли Газаның ашық аспан астындағы түрмеге айналғанын айтқан болатын.

Бірнеше күн бұрын Газа секторындағы соңғы сұмдық статистикалық деректерді жариялаған едік.