Оқиға 12 тамыз күні Балқаш маңында орын алған, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Air Astana әуе компаниясының Алматы–Астана бағытындағы рейсі апатқа ұшырау қаупіне тап болды.

Төтенше жағдай кезінде бортта болған жолаушылардың бірі Threads желісінде өз әсерін бөлісті.

"Ұшақтың герметизациясы бұзылды. Мен 7 айлық қызым және кенже сіңліммен бірге келе жаттым. Мұндай сәтте жалғыз болған әлдеқайда жеңіл шығар еді, өйткені балаң қасыңда болса, ең әуелі оны қалай қорғайтыныңды ойлайсың. Балқашқа жақындаған кезде бортсеріктер тамақ тарата бастады. Сол сәтте ұшақ кенет сілкінді. Бір-бірімізге алаңдай қарап үлгергенімізде, капитан ‘төтенше жағдай’ деп хабарлады", – деп жазды ол.

Жолаушының айтуынша, ұшақ бір мезетте төменге құлдилай бастаған. Сол кезде борттағы жолаушылардың көбі дұға оқып, жылап, жақындарына қоштасу хабарламаларын жіберген.

"Адамдар іштей және сыбырлап дұға оқыды. Тыныс алу қиындап кетті. Балалар қатты жылады. Бір кезде қызымды ұстап отыру қиындап, белдігін тағу мүмкін болмады. Өзім де үрейге беріліп, көз жасымды тоқтата алмадым. Бортсеріктер үстелшелерді жинап, орындықтарды тіктеп, биік өкшелі аяқ киім мен әшекейлерді шешуді сұрады. ‘Жерге қонамыз, қатты соққылар болуы мүмкін, тік отырыңыздар’ деді. Дүрбелең басталып, адамдар қоштасу хаттарын жаза бастады. Экипаж қонғаннан кейінгі әрекеттерді, балаларды қалай қорғау керегін түсіндірді", – дейді жолаушы.