Солтүстік Қазақстан облысы, Покровка ауылындағы жаңа фельдшерлік- акушерлік пунктің есігінде қара құлып тұр.

Былтыр ашылған нысан бір күнде жұмыс істемеген. Ауыл дәрігерлері әлі күнге әкімдік ғимаратында отыр. Медициналық мекеме «Ауылдың денсаулық сақтау саласын жаңғырту» ұлттық жобасымен салынды. Халық қашан игілігін көреді?

Покровка ауылында салынған фельшерлік-акушерлік пункт былтыр жыл аяғында салтанатты түрде ашылды. Құрылысына ұлттық жоба аясында 203 млн теңге бөлінді. «Бірақ медициналық нысан сол күйі жұмысын бастамады», — дейді тұрғындар.

Нышангүл Жайнарова, ауыл тұрғыны:

- Құырылысы біткенде «жақсы болды, енді осы жерден ем аламыз», — деп едік, әлі істемей тұр. Сыртынан сүйсініп өтеміз. Бірақ істеп жатқан жоқ. Осынша халық үміт артты соларға деп, істемегеннен кейін біз не дейміз енді, қара халықтың қолынан не келеді, шарамыз жоқ.

Бірден-бір күн жұмыс істемеген фельдшерлік-акушерлік пунктің айналасын шөп басып кеткен. Ал былтыр желтоқсан айында төселген тас төсеніштері бүлініп, жұмысшылар қайтадан жинап алған.

Жаңа медициналық нысанның жабық тұрғанына 8 ай болды. Ал ауыл медбикелері әлі күнге дейін әкімдік ғимаратын паналауға мәжбүр. Олар науқастарды аядай кабинеттерде қабылдайды.

Зейнеп Забынбекова, медбике:

- Иә, 16-ы ашылғаны рас. Бірақ ішіне жаңбырдан кейін су өткен, солардың бәрін істеген адамдар қайтадан істеп береді. Сосын бізге айтады, сосын көшеміз. Ішінде дәретханасы бар.

Солтүстік Қазақстан облысында «Ауылдың денсаулық сақтау саласын жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 5 млрд теңге бөлініп, елді мекендерде 46 емдеу мекемесі салынды. Қазір іс жүзінде оның 4-і ғана жұмыс істейді. Қалғанында лицензия жоқ.

Гүлнәр Қалиева, Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:

- Қалғандарының құжаттары кейбірінің жасалып жатыр. Лецензия алу үстінде. Ал Мамлют ауданындағы Покровка ауылындағы ФАП жайында айтатын болсақ, онда мердігер компания ұсақ-түйек кемшіліктерді жойып жатыр. Содан кейін барып қана біз толықтай өзімізге қабылдап алып, лицензияға ұсыныс жасайтын боламыз. Өтініш хат жазылатын болады.

Былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған ұлттық жоба аясында ел бойынша 300 медициналық нысан салынды. Ол үшін Үкіметтен 40 млрд теңге бөлінген.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков, 24kz