Жаңа банк Қазақстандағы екінші деңгейдегі 23-ші банк болды және еліміздегі ірі KMF микроқаржы ұйымын қайта құру жолымен құрылды.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі "KMF банк" АҚ-қа банк операцияларын жүргізуге лицензия берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Банк Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы қыркүйектегі жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында айтылған банк секторында бәсекелестікті арттыру жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында ашылып отыр.

"Агенттік төрағасы Мәдина Әбілқасымова лицензияны "KMF Банк" АҚ басқарма төрағасы Шалқар Жүсіповке салтанатты түрде тапсырды. Жаңа банк Қазақстандағы екінші деңгейдегі 23-ші банк болды және еліміздегі ірі KMF микроқаржы ұйымын қайта құру жолымен құрылды. KMF – 1997 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан қаржы секторының ең көне және ең орнықты қатысушыларының бірі", – делінген хабарламада.

Агенттік таратқан ақпаратқа сүйенсек, 2024 жылдың қорытындысы бойынша ұйым активтер, портфель көлемі және клиенттер саны бойынша Қазақстанның микроқаржы ұйымдары арасында бірінші орынды иеленді. Жұмыс істеген жылдары KMF ауқымды өңірлік желі құрды және өзін әлеуметтік бағыттағы және қаржылық тұрғыдан тұрақты институт ретінде көрсетті.

2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша, KMF активтері 395 млрд теңге. Кредит портфелі 315 млрд теңгеге жетті, бұл ретте қаражаттың 90%-дан астамы аграрлық сектордағы 100 мыңнан астам қарыз алушыны қоса алғанда, шағын және орта бизнесті қаржыландыруға жұмсалды.

"Кәсіпкер әйелдерге қолдау көрсету желісі бойынша жобалар экономиканың нақты секторы субъектілеріне KMF берген кредиттердің 55%-ын құрады. Клиенттерінің жалпы саны 275 мыңнан асты, олардың 70%-нан астамы өңірлерде тұрады. 90 күннен астам мерзімі өткен берешек деңгейі 6%-дан төмен деңгейде қалды, ал капитал жеткіліктілігі 22%-дан жоғары, бұл қаржылық орнықтылығының жоғары екенін білдіреді. Филиал желісінде тұтастай еліміз бойынша 17 филиал мен 123 құрылымдық бөлімше болды. Қызметкерлердің жалпы саны 2 500 адамнан асты, олардың ішінде шамамен 70%-ы өңірлік бөлімшелерде жұмыс істейді", – деп хабарлайды Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.

Банк мәртебесінде "KMF Банк" АҚ шағын және орта бизнесті, әсіресе ауылдағы шағын және орта бизнесті қаржыландыруда, сондай-ақ дәстүрлі банкинг пен цифрлық шешімді біріктіре отырып, банк қызметі желісін кеңейтудегі басымдықты сақтап қалуды жоспарлап отыр.

KMF банк 2025 жылы банктік лицензия алған екінші жаңа банк. Осының алдында 25 маусымда "БиЭнКей" коммерциялық банкі" АҚ-қа лицензия берілген болатын. Бүгінде елімізде 23 екінші деңгейлі банк, оның ішінде 11 шетелдік қаржы тобының қатысуымен жұмыс істеп тұр.