Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Еңбек жолы" байқауының республикалық кезеңінде елдегі үздік өндіріс қызметкерлері мен еңбек әулеттері анықталады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Байқау жыл сайын екі кезеңде – облыстық және республикалық деңгейде, үш номинация бойынша өткізіледі: "Үздік еңбек әулеті" – еңбек өтілі ең ұзақ, марапаты ең көп әулет таңдалады; "Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері" – жұмыс өтілі кемінде 20 жыл, жоғары тиімді жұмыс істейтін тәлімгер таңдалады; "Өндірістің үздік жас маманы" – жұмыс өтілі 5 жылдан аспайтын, ең белсенді және еңбекқор өндіріс жұмыскері таңдалады.
Өңірлік кезең шілде айында аяқталды. Биыл оған 17 облыс пен республикалық маңызы бар үш қаладан 505 үміткердің өтінімі қабылданды. Барлық үш номинация бойынша 60 жеңімпаз анықталып, олар өз өңірлерінің намысын "Еңбек жолы" байқауының республикалық кезеңінде қорғайды.
Байқау жеңімпаздарын министрлік жанындағы республикалық комиссия анықтайды.
"Еңбек жолы" байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі желтоқсан айында, Жұмысшы мамандықтар жылының жабылуына арналған іс-шара аясында өтеді.