Солтүстік Қазақстан облысында «Петропавл – Қорған» бағытындағы жол құрылысы аяқталмай жатыр, деп хабарлайды 24KZ. 8 жыл бұрын басталған жұмыс шекараның түбіне жеткенде тоқтап қалды. Ал оның зардабын жүргізушілер тартып келеді. Халықаралық тасжолмен күніне жүздеген жүк көлігі қатынайды. Сағыздай созылып кеткен транзиттік дәліз қашан тапсырылады?

Сергей Буторин Қазақстаннан Ресейге жиі қатынайды. Оның айтуынша, жүргізушілерді «Петропавл – Қорған» бағытының шекараға дейінгі 10 шақырымы әбден титықтатып бітті. «Нашар жолда көлігіміз бұзылып, орта жолда қалатын күндеріміз аз емес», – дейді ол.

Сергей Буторин, жүргізуші:

- Жол өте нашар. Жаңбыр жауса болды, жүру мүмкін емес. Дөңгелек жарылып, көлік сынады. Неше жыл болды, әлі күнге дейін аяқтай алмай жатыр. Айтарға сөзім жоқ.

«Петропавл – Қорған» тасжолының құрылысы 2017 жылы басталған. Қазір 60 шақырымның тең жартысы аяқталды. Қалған қашықтығы ортасынан енді асты.

Мына жерден Ресей шекарасына дейін 9 шақырым. Әзірге жүргізушілер осындай жолмен жүруге мәжбүр. Бұл аралық биыл тапсырылуы тиіс.

Бұл жолға республикалық бюджеттен 10 млрд-қа жуық теңге бөлінді. Алайда алғашқы мердігер сотқа тартылып, жұмыс басқа компанияға берілді. Бірақ осы уақытта жол-құрылыс материалдары шарықтап, жоба құны шамамен 5 млрд теңгеге қымбаттап шыға келді.

Андрей Червонюк, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ СҚОФ директорының орынбасары:

- Өзгертілген жоба республикалық бюджеттік комиссияның бірінші қаралымынан өтіп, мемлекеттік сарптама порталына енгізілді. Оның шешімі маусым айында шығуы тиіс. Әзірге мердігер ұйым жұмысты жеке қаражатына жүргізіп жатыр.

Биыл өңірде жол жөндеу жұмыстарына 40 млрд теңге бөлінді. «Бұл 500 шақырымға жуық қашықтықты қамтуға мүмкіндік береді», – дейді мамандар.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков