Шымкентте Руслан Берденовке жасалған қастандықтың түпкі себебі махаббат не тұрмыстық жанжал емес, миллиардтаған бюджет қаржысын талан-таражға салу болуы мүмкін, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы 101tv.kz-ке сілтеме жасап.

Тергеу материалдарына сәйкес, оқ атқан күдікті Ернар Жиенбай – бұрынғы прокурордың ұлы және “Тұрғын үй Шымкент” ЖШС-нің басшысы. Бұл компания 2024–2026 жылдарға арналған көпқабатты үйлерді күрделі жөндеу бағдарламасы аясында 3,4 млрд теңгені тендерсіз алған.

Алайда, аталған қаржының игерілу жолы күмән тудырды. Ақпарат көздерінің мәліметінше, жөнделуі тиіс 22 үйдің тек 10-ында ғана жұмыс аяқталған. Қалған нысандарда жөндеу жүргізілмегеніне қарамастан, миллиардтаған теңге игерілген деп көрсетілген.

Осыған байланысты 21 сәуірде Шымкент әкімі аппаратының кеңесінде Берденов Жиенбайдан қаржының қайда кеткенін сұрады. Ол қарапайым сұрақтарға жауап бере алмағанымен қоймай, құрылыс материалдарын ірі көлемде неге өз бетінше сатып алғанын да түсіндіре алмады. Даулы сұрақтардан кейін Жиенбай залдан шығарылған.

Көп ұзамай, 21 сәуір күні кешке Руслан Берденовке қастандық жасалды. Куәгерлер мен бейнебақылау жазбалары күдіктінің тікелей оқ атып, оны жаралағанын растайды.

Сарапшылардың пікірінше, Жиенбайдың негізгі мақсаты – өзіне ауыр жаза жүктейтін “Ірі көлемде қаржы жымқыру” айыбын болдырмау. Себебі бұл бап бойынша 12 жылдан жоғары мерзім беріледі және шартты түрде босау мүмкіндігі жоқ. Ал оқиға себептерін «қызғаныш» деп бұрмалау – әлдеқайда жеңіл жазаға әкелуі ықтимал. Жемқорлық деректерін анықтау үшін ресми тергеу жүріп жатыр. Қала әкімдігі мен қоғам өкілдері бұл істі ашық қарауды талап етуде.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Ботагоз Омарова (@101tv.kz)