Мерейтой барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев оқып берді. Қазақ елін Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығымен құттықтаған Сенат спикері Абай мен Шәкәрімнің кесенелерін зиярат етіп, ескерткішке гүл шоғын қойды. Мемлекет басшысының құттықтауында Абай әлемдік ауқымдағы ғұлама екеніне және оның рухани мұрасы келер ұрпақ үшін өзекті болып қала беретініне баса мән берілген. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев өз сөзінде кейінгі жылдарда Мемлекет басшысының бастамасымен Абай мұрасы елімізде ғана емес, әлемдік деңгейде де кеңінен насихатталып жатқанын айтты.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Биыл қазақтың бас ақыны, ұлы ойшыл, ұлт руханиятының шамшырағы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл. Осыған байланысты алдымен Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың құттықтау хатын оқып беруге рұқсат етіңіздер. Абай – төл мәдениетімізді дамытуға өлшеусіз үлес қосқан әлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлға, халқымыздың сана-сезімін жаңғыртқан ұлы ақын. Хакім Абайдың мол мұрасы – қазақ халқының ғана емес, барша адамзаттың өнеге алатын асыл қазынасы. Оның ой-толғамдары мен өсиеттерінің өзектілігі ешқашан жоғалмайды. Сондықтан Абайды тану және таныту, шығармашылығын терең зерделеу өте маңызды.

Самал Қабышева