Мемлекеттік реттеуді алып тастағаннан кейін, АИ-92 бензинінің бағасы біртіндеп өсіп келеді. Бұл ретте Энергетика министрлігі бағаның күрт өсуіне жол берілмейтінін айтып отыр.
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
-ҚР Энергетика министрінің 2025 жылғы 27 қаңтардағы бұйрығымен ведомствоның 2023 жылғы 12 сәуірдегі № 139 «Бағаларына мемлекеттік реттеу белгіленген стационарлық автожанармай құю станциялары үшін көтерме саудада өткізілетін мұнай өнімдеріне шекті бағаларды белгілеу туралы» бұйрығының күші жойылды. 2025 жылғы 28 қаңтарда Энергетика министрінің ЖЖМ-нің шекті көтерме және бөлшек бағаларын жою жөніндегі бұйрығы Әділет министрлігінің № 35683 мемлекеттік тіркеуінен өтіп, 30 қаңтарда күшіне енді. Қаңтар айында ЖЖМ бағасына мемлекеттік реттеу алынып тасталғанға дейін, автобензин жанар-жағармай құю станцияларындағы АИ-92-нің бағасы литріне 205 теңге және дизель отыны 295 теңге болған еді. Ал қазіргі уақытта бөлшек саудадағы автобензиннің бағасы АИ-92 маркасына – 204-221 теңгені құрады, — делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Ведомствоның хабарлауынша, Үкімет пен уәкілетті органдар бағаның күрт өсуіне жол бермейді, ал жанармайды жеткізу саласында заңсыз әрекеттерге қатысты барынша қатаң шаралар қабылданады.
-Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен тұрақты өзара іс-қимылда жұмыс атқарып, ақпарат алмасып отыр. Сондай-ақ, жанармай бағасының негізсіз көтерілуіне жол бермеу бойынша барлық 20 өңірдің әкімдіктері жанындағы ЖЖМ бойынша өңірлік штабтар жандандырылды, — деп аталып өткен Энергетика министрлігі ақпаратында.