Өрт кезінде цистерна жанып, жүргізуші жеңіл күйік алды.

Өзбекстанның Қашқадария облысында орналасқан газ құю бекетінде тағы бір жарылыс тіркелді. Бұл туралы Өзбекстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Оқиға 5 тамыз күні Көкдала ауданындағы "Алтындала" ықшам ауданында болды. Автокөліктерге газ құю бекетінде сұйытылған пропан тасымалдап келген автоцистернадан стационарлық цистернаға газ құю кезінде өрт шыққан.

Оқиға орнына сағат 22:22-де бес өрт сөндіру және құтқару тобы жетіп, жалынды 22:30-да ауыздықтап, 22:50-де толық сөндірді.

Өрт салдарынан бір автоцистерна мен көлемі 10 текше метр болатын пропан сақтайтын резервуар жанып кетті. Жүргізуші жеңіл күйікпен ауруханаға жеткізілді.

Оқиға орнына облыстық және аудандық төтенше жағдайлар басқармасының басшылығы барды.

Айта кетейік, бұған дейін, 16 шілдеде осы ауданның тағы бір газ құю бекетінде жарылыс болып, салдарынан төрт адам қаза тапқан еді.