Израиль үкіметінде Газадағы әскери кампанияның болашағына қатысты келіспеушіліктер, қарама-қайшылықтар күн санап күшеюде .

Мұны Премьер-министр Биньямин Нетаньяху "анклавты толығымен оккупациялау" атты тіркесімен қатты ушықтырып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

The Times of Israel газетінің жазуынша, Нетаньяху үкімет мүшелеріне Газа секторын толық басып алу жоспарын жеткізген. Бірақ, бұл ниетке армия тарапынан қарсылық байқалған.

Қазіргі уақытта Израиль күштері Газа секторының шамамен 75% аумағын уысында ұстап отыр. Жаңа бастама арқылы олар секторды толық әскери бақылауға алғысы келеді.

Десе де, Израиль Қарулы күштерінің басшылығы (ЦАХАЛ) бұл идеяға түбегейлі қарсы. Олар ХАМАС-тың барлық инфрақұрылымын жою көп жылға ұласуы мүмкін екенін, тұтқындардың орналасқан орындарына жақындау тікелей қауіп төндіруі ықтимал екенін алға тартады.

Ynet порталы жоғары лауазымды шенеуніктің анонимді сөзін былайша келтіреді.

– Шешім қабылданды, біз Газа секторын толық басып аламыз. Егер ЦАХАЛ Бас штабының бастығы бұған келіспесе орнын босатсын! – деп жазылған онда.

Израильдің 12-арнасы Израильдің әскери-саяси басшылығында айқын бөліну байқалғанын хабарлайды.

Оккупацияны қолдайтындар қатарында Стратегиялық жоспарлау министрі Рон Дермер, Қаржы министрі Бецалель Смотрич, Ұлттық қауіпсіздік министрі Итамар Бен Гвир, Премьер-министрдің әскери хатшысы генерал-майор Роман Гофман және Үкімет хатшысы Йоси Фукс бар.

Ал қарсы тарапта ЦАХАЛ Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Эяль Замир, Сыртқы істер министрі Гидеон Саар, ШАС партиясының басшысы Арье Дери, Ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі Цахи Ханегби, "Моссад" барлау қызметінің басшысы Давид Барнеа, ШАБАК қауіпсіздік қызметінің тұтқындар бойынша келіссөз жүргізушісі, "Мем" деген бүркеншік атпен танымал шенеунік, Заложниктер мәселесін қадағалап отырған генерал-майор (отставкадағы) Ницан Алон және Израиль оппозициясының жетекшісі Яир Лапидтің есімі аталады.