Өмірге жолдама алған, 2026 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енетін жаңа Салық кодексіне сәйкес, энергетикалық сусындардан акциз салығы жиналатын болды.

"Сергітетін" энергетикалық, алкогольсіз сусындарға келесі көлемде акциз бекітіліп отыр:

  • 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап, 1 литр үшін – 100 теңге;
  • 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап, 1 литр үшін – 140 теңге;
  • 2028 жылғы 1 қаңтардан бастап, 1 литр үшін – 180 теңге;
  • 2029 жылғы 1 қаңтардан бастап, 1 литр үшін – 200 теңге;
  • 2030 жылғы 1 қаңтардан бастап, 1 литр үшін – 240 теңге.

Учёт.kz жазуынша, құрамында қанты бар сусындарға және энергетикалық сусындарға акциз енгізу бизнес қауымдастықтың қуатты қарсылығын туғызды.

"Бизнестің пікірінше, энергетиктерге акциз алымын енгізу бүкіл елдегі инвестициялық климатқа теріс әсер етеді. Сондай-ақ, жаңа акциз бұл сусындардың көрші елдерден контрабандамен әкелінуіне және заңсыз айналымның өсуіне серпін береді. Себебі, көрші Ресейде энергетиктерден жиналатын акциз мөлшері 1 литрі үшін 50 теңгені, Қырғызстанда – 6 теңгені, Өзбекстанда – 77 теңгені құрайды. Алайда наразылыққа қарамастан, Үкімет энергетикалық сусындарға акцизді бәрібір енгізіп қойды", – деп хабарлады іскерлік портал.

Алайда энергетикалық сусындарды өндірушілер және сатушылар керісінше, Үкіметтің бұл шешіміне қуануы керектей. Біріншіден, әлемдегі барлық дерлік елдер, соның ішінде көршілер бұл өнімдерден бұрыннан бері акциз өндіреді. Қазақстанда мұны бұғаттап келді. Салдарынан, республика ең соңы болып, кешігіп енгізді.

Екіншіден, әу баста Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылықтары мен бұрынғы 7-ші сайланған Парламент Мәжілісі еш пайдасы жоқ, керісінше, ұлт саулығына жойқын соққы беріп жатқан энергетикалық сусындарды сатуға мүлдем тыйым салуды ұсынды. Денсаулық кодексіне тиісті өзгерістер де дайындалды. Бірақ үлгермеді.

Негізі, бұл сусындарға тыйым салу идеясын Денсаулық сақтау министрі болған тұста Алексей Цой ілгерілеткен еді.

"Газдалған тәтті сусындардың, энергетикалық сусындардың адамға түк пайдасы жоқ. Керісінше, оларды шектен тыс көп тұтыну онкологиялық аурулардың дамуы қаупін төндіреді. Сонымен қатар, адамдарда артық салмақтың өсуіне соқтырады. Бұл зиянды сусындар жүрек-қан тамыр жүйесіне және жүйке жүйесіне кері әсер етеді. Қазақстанда адамдардың үлкен бөлігі дәл сол дерттер кесірінен ерте дүние салады. Ата-аналар балаларының энергетикалық сусындарға еліккенін көрсе, оны ақырындап тиюға, оны су, табиғи шырындар және қоспалары мен қанты барынша аз басқа сусындар сияқты баламаларына ауыстыруға күш салғаны жөн", – деді Цой.

Мамандар энергетикалық сусындар бас ауруына, бас сақинасының (мигрень) ұстауына, мазасыздықтың өрістеуіне, ұйқысыздыққа тап болуға, ұйқының бұзылуына (қорқынышты түстер), аллергияның туындауына, жүрек-қантамыр жүйесі ауруларына, қандағы қанттың шамадан тыс жоғарылауына, қан қысымының жоғарылауына, құсуға, диареяға соқтыратынын айтады. Бұл – ғылыми дәлелденген.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда энергетикалық сусындарды тұтынудың ауқымы жыл сайын артып келеді. Оған жас ұрпақтың құмартуы да алаңдаушылық туғызады.

"Атап айтқанда, 11-15 жас аралығындағы қазақстандық жасөспірімдердің шамамен 45%-ы энергетикалық сусындарды татып көрген. Кейіннен бұл олардың көпшілігінде тәуелділікке соқтырды. Қазіргі кезде оқушылардың 17,5%-ы күн сайын не аптасына бірнеше рет "энергетик" ішпесе тұра алмайды. Оның үстіне мұндай оқушылар саны жыл сайын өсіп барады. Күн сайын балалардың 3%-ы ішеді. Энергетикалық сусындарды күніне қыздарға қарағанда (2,6%) ұлдар (3,3%) көп тұтынады. Аптасына 5-6 рет ішетіндер де қыздарға қарағанда (15,8%) ұлдар (19,1%) арасында көбірек", – деп хабарлады министрлік.

Халық денсаулығына жауапты министрліктің түсіндіруінше, өндірушілер бұл сусынның құрамына әдейі кофеинді көп қосады: литріне 150 миллиграмнан астам. Бұған қоса, қант, психостимуляторлық заттар қоспалары – матеин, гуарана, женьшень, шөп сығындылары, цикламат, сахарин, сукралоза болады. Осы жан шошырлық қоспа адамдарда, әсіресе, балалар мен жастарда жан төзбес тәуелділік тудырады.

Денсаумині "энергетиктер" адамның орталық жүйке жүйесіне стимулятор ретінде әрекет ететіндіктен, психикалық және физикалық денсаулығына теріс әсер ететінін ескертіп отыр.

Айта кету керек, 2021 жылғы талдамалық нысанында Денсаулық сақтау министрлігі мемлекеттік балалар телеарнасының өзі осындай сусындарды жиі жарнамалайтынына назар аудартқан еді.

Содан бері жағдай өзгерді. Мәдениет және ақпарат министрлігі балалар арнасын зиянды өнім жарнамасынан тазартты.

Сенат депутаты Нурия Ниязованың мәліметінше, қазіргі кезде энергетикалық сусындардың өзі түгіл, жарнамасына еш тыйым жоқ. Жарнамасына тыйымды бірқатар депутат "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау, ойын бизнесі және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңына енгізуге ниеттенді, енгізе алмапты.

2025 жылғы 25 сәуірде аталған заңға Мемлекет басшысы қол қойып, ол күшіне енді. Алайда онда энергетикалық сусындарды ақпарат құралдарынан, әлеуметтік желілерде, интернетте блогерлердің, басқасының дәріптеп, жарнамалауына жол бермейтін норма жоқ.

"Аталған заң жобасын пысықтау кезінде жасөспірімдерді қорғау үшін жарнамасын болдырмауға талап жасалды. Дегенмен, балалар үшін зиянды өнімдердің жарнамасын трансляциялау жалғасты. Маркетологтер балалардың жетілмеген санасына әсер етіп, манипуляция жасайды. Мысалы, балаларға арналған контенттерде, тіпті мультфильмдерде энергетикалық сусындардың жарнамасын 3 ретке дейін қою фактілері кездескен", – деді сенатор Ниязова.

Осы арқылы өндірушілер жас ұрпақ арасынан жаңа клиенттерді тәрбиелейді. Бір татып көрсе, баланың соған басы байланады, есіл-дертін жаулайды.

Энергетикалық сусындар оларға қатты әсер етеді, көңілінде желік бітеді, арқасын қоздырады.

Өйткені, депутаттың байламынша, жарнама мен пиар кесірінен энергетикалық сусын заманауи жастар мәдениетінің бөлінбес бөлшегіне айналды. Қазіргі қазақстандық жастар жинала қалса, шемішке шақпайды, жағалай энергетик сіміреді. Сондықтан сенатор энергетикалық сусындардың жарнамасына толық тыйым салу мәселесіне болашақта қайта оралу қажеттігіне сенімді.

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов мұның "өте өзекті мәселе" екенін және жыл өткен сайын маңыздылығы арта түсетінін мәлім етті.

"Қазіргі кезде бізде энергетикалық сусындар жарнамасына тыйым салатын норма жоқ. Тек оны 21 жасқа толмағандарға сату бойынша шектеу бар. Соған қарамастан бүгінде елдің басты мемлекеттік балалар телеарнасы "Балапанда" энергетикалық сусындардың жарнамасы жоқ. Бұған қоса, онда сағыз, кейбір фастфудтар, әсіресе, газдалған сусындар жарнамасы көрсетілмейді. Мемлекеттік мүддені басшылыққа алып, біз осыған бардық", – деді вице-министр.

Ол қоғамның игілігі мен мүддесі үшін энергетик жарнамасын жаппай шектеу мәселесін сала өкілдерімен бірге талқылап, пысықтауға болатынына, мұның "өте ұтымды ұсыныс" екеніне назар аудартты.