Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі вайнер Мейіржан Төребаевтың бостандыққа шыққанын растады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Бірнеше күн бұрын қаржы пирамидасы ісі бойынша сотталған вайнер Мейіржан Төребаев жазасын өтеп шығып, үйіне оралғанын мәлімдеді. Жарияланған кадрларда оны отбасы мен достары қарсы алғанын байқауға болады.

NUR.KZ тілшісі ҚАЖК баспасөз қызметіне вайнердің бостандыққа шыққаны туралы ақпаратқа қатысты түсінік беруді сұрап, сауал жолдады. Олар Төребаев жазасын толық өтегенін растады.

"Сотталған адам сот тағайындаған жазаны толық өтегеніне байланысты босатылды", — деп атап өтті ҚАЖК өкілдері.

Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың ақпанында блогер Мейіржан Төребаев пен актёр Мейірхан Шерниязов "Мудараба Капитал" қаржы пирамидасын құрды деген күдікке ілінген болатын. Кейін олар қамауға алынды.

2023 жылдың 23 маусымында сот үкім шығарды. Вайнерлерге бес жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Апелляциялық алқа бірінші сатыдағы соттың үкімін күшінде қалдырды.

2024 жылдың соңында сот вайнерге шартты түрде мерзімінен бұрын босату құқығын беруден бас тартты.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз