Елдердің мүмкіндігі географиямен шектелмейді.
Қазір теңізге шығар жолымыз болмағанымен, келешекте амалын табамыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп, алда құрлық арқылы байланыс орнатудың маңызы арта түсетіні мәлімдеді. Ол Түрікменстанда теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған Біріккен Ұлттар Ұйымының үшінші конференциясына қатысты. Алдағы мақсат-міндетті талқылап, өзекті мәселелерді жіпке тізді.
Әлемде теңізге шығар жолы жоқ 32 дамушы ел бар. Онда жарты миллиардтан астам адам тұрады. Халық санына да, ресурсқа да бай. Бірақ жаһандық нарыққа шығуға кедергі көп. Оған қоса қаржыландыру мен технологияға қол жеткізу оңай емес. Авазадағы алқалы жиын осы түйіткілді шешуге бағытталған. Отырыста Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін ілтипаттан бастап, Қазақстанның бұл құрылымдағы маңызды рөліне тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Жиырма жылдан астам уақыт бұрын Қазақстан Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған БҰҰ-ның алғашқы конференциясын өткізіп, жетекші рөл атқарды. Яғни еліміз бұл үздіксіз үдеріске бастапқы жылдардан бері қатысып келеді. Осы тарихи оқиға барысында Алматы іс-қимыл бағдарламасы қабылданды. Бұл құжат теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдер тобының мәселелерін жаһандық дамудың күн тәртібіне тұңғыш рет шығарды.
Кемедегінің жаны бір деген сөз бар. Олай болса кемеге жолы түспегеннің де мұңы бір. Мемлекет басшысының айтуынша, басты проблема – аймақтағы шектеулі байланыс. Транзит, сауда шығыны һәм геосаяси факторларға осалдық экономикаға ауыртпалық салып отыр. Түптің түбінде бұл қарапайым тұрғындардың әл-ауқатына әсер етіп, бәсекеге қабілеттілікті төмендетеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Түрлі қақтығыстар, экономикалық санкциялар, жеткізу тізбегінің бұзылуы және жаһанда сенімсіздіктің белең алуы жағдайды одан әрі ушықтыра түседі. Дегенмен Қазақстан теңізге шығар жолы жоқ дамушы мемлекеттерді жаһандық мәселелердің шешімін табуға атсалысатын тең құқылы әрі перспективті серіктес ретінде қарау керек деп санайды. Мұндай елдердің үні анық естілуге тиіс, ал біздің өзара ынтымақтастығымыз терең, ұжымдық ұмтылысымыз батыл болуы қажет.
Осы елдердің арасында жер көлемі жағынан да, логистика тұрғысынан да ең үлкені — Қазақстан. Үлкен нарыққа шығу қиын болса да, тасымалдың тың тәсілін тауып, көпке үлгі бола алды. Бұл тұрғыда, Орта дәліз және «Солтүстік – Оңтүстік» бағдары бойындағы көлік жолдары мен транзит инфрақұрылымын мысалға аламыз. Демек, темір жол, автокөлік, авиация һәм логистика орталықтарының біртұтас желісін құру арқылы тығырықтан шығып келеміз. Нәтижесі жаман емес. Еуразиялық транзит хабы ретіндегі позициямыз нығайды. Қазір Азия мен Еуропа арасындағы құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 85 пайызға жуығы еліміз арқылы өтеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Қазір теңізге шығар жолымыз болмағанымен, келешекте амалын табамыз. Яғни құрлық арқылы байланыс орнатудың маңызы арта түседі. Біздің өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы орнықты. Саяси ерік-жігер, стратегиялық инвестиция мен халықаралық серіктестік болса, теңізге шығатын жолдың жоқтығы кедергі емес, керісінше, өсімге ынталандырады.
Бұл — кемшілігімізді пайдаға асырамыз деген сөз. Осы тұрғыда, Қазақстан Аваза іс-қимыл бағдарламасын толық қолдайды. Оны тұрақты, инклюзивті және орнықты келешекке жеткізер жол картасы ретінде қарастырады. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастама саяси қолдауға ие болуға тиіс деді. Келесі мәселе — климаттың өзгеруі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Теңізге шығар жолы жоқ көптеген дамушы ел су тапшылығы, мұздықтардың еруі, шөлейттену секілді экстремалды табиғи құбылыстарға душар болып отыр. Бұл проблемаларды шешу үшін өңір елдерінің ортақ күш-жігері мен белсенді халықаралық қолдау қажет. Климаттық өзгерістермен күреске жұмылу мақсатында Сіздерді келесі жылы сәуір айында Біріккен Ұлттар Ұйымымен бірге Астанада ұйымдастырылатын Өңірлік экологиялық саммитке шақырамын.
Қасым-Жомарт Тоқаев елдердің мүмкіндігі географиямен шектелмейтінін айтты. Бұған Орталық Азия тәжірибесі дәлел екенін тоқталды. Әрі қарай елдегі тың бастамалар мен аймақ жетістіктерін жіпке тізді. Ынтымақтастыққа әрдайым ашық екенімізді жеткізді. Ал сөзін Қазақстанның ұстанымымен тәмамдады. Еліміз теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдер тобының мақсаттары мен қағидаттарына бейіл.
Бекзат Аманов, 24KZ