Кеше ғана 26 жастағы Диана Оңғарбаеваны туған-туыстары ақтық сапарға шығарып салды. Қайғыдан қара жамылып, тұңғышын жер қойнына тапсырған анасы өз перзентінің адам танымастай күйде болғанын айтады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бірнеше күн ізделген келіншектің денесін полицейлер емес, көше тазалаушылар тауып алған. Он күн бойы қоқыс жәшігінде пакетке оралған күйінде жатқан мәйіт адам айтса нанғысыз жағдайда болыпты.
– Қызымды әуелгіде тани алмадым. Құлағы, мұрны, көзінен түгелдей құрттар кіріп-шығып жатты. Қанға боялған денесін көру, оған қарап шыдап тұру мүмкін емес еді. Өзі сондай адамға сенгіш, жүрегі таза қыз болатын. Соңғы рет жоғаларынан бір күн бұрын хабарластым. Кейін байланыс аясынан тыс жерде болды. Сөйтіп, күйеу бала екеуміз іздеуге кірістік, – дейді марқұмның анасы.
Марқұм 21 шілде күні әлеуметтік желілердің бірінен үй тазалау үшін тапсырыс алған көрінеді. Ал араға 10 күн салып, яғни 31 шілде күні Диананың денесі қоқыс маңынан табылған.
– "Үй жинауға тазалықшы керек" деп шақырған. Күндік жұмыс қой. Бұл сол мекенжайға барған. Ол баланың алдын ала дайындалғаны белгілі болып тұр ғой. Жігіт "ақшаны мамам салады" деп айтқан екен. Әпкем Диана мамасына өзінің телефонымен хабарласқан кезде жігіт пышақтап үлгерген, – дейді марқұмның сіңлісі Айдана Оңғарбаева.
Қайғыдан қан жұтқан отбасы полицияның жедел іздеуге кіріспегеніне ашынады. Арызды қабылдамаған, 1 апта бойына іздемеген. Кейін құзырлы орган өкілдері "2 күнде тауып береміз, қыз тірі" деп сендірген.
– Шымкент қаласының 26 жастағы тұрғынын өлтіру жайты бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдікті анықталып, тергеу изоляторына қамалды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жан-жақты тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады Шымкент қаласы ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Нұржан Мырзагелдиев.
Диана Оңғарбаеваның туған-туыстары бұл қылмыстық іске кемі 3-4 адамның қатысы барына сенімді.
Марқұмның артында 2 перзенті мен жұбайы қалды.