Мұндай статистикалық деректерді Үкімет отырысында баяндама жасаған Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтты.

Оның сөзінше, елімізде жыл басынан бері ана өлімінің көрсеткіші 10%-ға, нәресте өлімі 26%-ға төмендеген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Министр 2030 жылға дейін ана мен бала денсаулығын сақтау қызметін дамыту жоспары бекітілгенін тілге тиек етті. Былтырғы жылмен салыстырғанда ана мен бала өлімі айтарлықтай азайып келеді.

– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ЮНИСЕФ-тің перинаталдық көмекті өңірлендіру және ана қауіпсіздігі қағидаттарының тиімді технологиялары бойынша ұсынымдарын енгізу арқылы 2024 жылы ана өлімінің көрсеткіші 12%-ға, нәресте өлімінің көрсеткіші 11%-ға төмендеген, – деді ол.

Әлбетте, аталған көрсеткіштерге жету оңайға түспеген. Ол үшін бірқатар жүйелі шара қабылданғанын да айта кету керек. Еліміз ана мен балаға медициналық көмек көрсетудің жаңа тәсілдерін енгізіп, стандарттар мен клиникалық хаттамаларды пысықтауға ерекше көңіл бөлуде.

– 2024 жылдың 1 маусымында босандыру, акушерлік операциялар, салмағы төмен жаңа туған нәрестелерді күту және педиатриялық бейіндердің тарифтері ұлғайды. Мысалы, диагноздардың ауырлығына қарай кесарь тілігін жасау қызметі 323 мың теңгеден 440 мың теңгеге дейін (36%) ұлғайды. Осы мақсатқа қосымша 20 миллиард теңге бөлініп, медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегін төмендетуге және нақты шығындарын өтеуге, қымбат препараттарға қолжетімділікті жақсартуға, тәжірибелі мамандарды тұрақтандыруға жағдай жасалды, – деді Денсаулық сақтау министрі.

Ерекше айта кетерлігі, елімізде босанғаннан кейінгі қан кетудің алдын алудың жаңа әдістері енгізілген, соның нәтижесінде биыл органды сақтап қалу операциялары 20%-ға артқан.

Сол секілді, медициналық авиация желісі бойынша дер кезінде және жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету шаралары ауыр жағдайдағы әйелдер мен балалардың 96%-ын құтқарып қалып, медицинаның мәртебесін асқақтатып отыр.