Шілде айының қорытындысы бойынша теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 540,72 теңгеге дейін, 4%-ға әлсіреді.

Ұлттық банк интервенциялар жасағаннан кейін доллар бағамы бойынша мәлімдеме жасады. Бұл туралы банктің баспасөз қызметі хабарлайды.

Бұған дейін банк валюта нарығында алыпсатарлық қысымның күшеюіне байланысты 125,6 миллион АҚШ доллары көлемінде валюталық интервенциялар жасаған болатын. Осы шаралар алыпсатарлық белсенділікті төмендетуге және нарықта қажет өтімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Ал квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімнің бір бөлігін міндетті сату нормасы аясында шамамен 450 млн АҚШ доллары сатылды. Сонымен қатар өткен айда ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттер бөлуге және "Талдықорған-Үшарал" магистральдық газ құбырын салу үшін 700 миллион АҚШ доллар көлемінде валюта сатылды.

"Шілде айының қорытындысы бойынша теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 540,72 теңгеге дейін, 4%-ға әлсіреді. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа айлық көлемі бір айда 235 миллион АҚШ долларынан 260 миллион АҚШ долларына дейін ұлғайды. Жалпы сауда-саттық көлемі 5,7 миллиард АҚШ доллары болды", – делінген ресми хабарламада.


Оқи отырыңыз: SMS-хабарлама, код жіберу: Ұлттық банк жаңа алаяқтық схемалар пайда болғанын ескертті


Ал тамыз айында үкіметтің республикалық бюджетке трансферттер бөлуге арналған алдын ала болжамды өтінімдері бойынша тамызда ұлттық қордан 400 миллион АҚШ долларынан 500 миллион АҚШ долларына дейін валюта сатылады.

"Теңестіру" операциясы аясында шілдеде 290 миллиард теңге алынды. Тамыз айында осы мақсатта шамамен 290 миллиард теңге баламасында валюта сату жоспарланып отыр. Ұлттық қордың қаражатымен операциялар жүргізу, сонымен қатар "теңестіру" тетігін іске асыру кезінде Ұлттық банк нарықтық бейтарап қағидатын сақтайды, ол шетел валютасын тұрақты және біркелкі сатуды білдіреді", – делінген хабарламада.