Биыл Конститу цияның қабылданғанына 30 жыл толды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізілген конституциялық реформалардың нәтижесінде Конституциялық сот қайта құрылды. Қазір Конституциялық сотқа билік өкілдері ғана емес, қарапайым азаматтар да өтінішпен қайырыла алатын мүмкіндік туды.
Бүгінде Конституциялық сотқа жүгінген өтініштердің түгелге жуығы, яғни 99%-ы қарапайым азаматтардан келеді. Мәселен, 2025 жылы Конституциялық сотқа азаматтар тарапынан Әлеуметтік кодекске қатысты – 53, Қылмыстық-процестік кодекске қатысты – 29, «Құқық қорғау қызметі туралы» заңға қатысты – 22 және Жоғарғы соттың нормативтік қаулыларының жекелеген ережелерінің Конституцияға сәйкестігін тексеру бойынша 17 өтініш келіп түскен. Сондай-ақ бірқатар өтініш «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің кейбір нормаларын тексеруді сұраған. Яғни өтініштер құқық жүйесінің барлық саласын қамтыды деуге болады.
Біздің білуімізше, жалқы азаматтың атынан түскен бір өтініштің артында миллиондаған халықтың құқықтық мәселесі жатыр. Демек Конституциялық сот «Ата заңға сәйкес емес» деп таныған кейбір нормалар бұқара көкейіндегі сансыз сұрақтың ортақ шешімі бола алады. Ол шешімге заң шығарушы және құқық қорғаушы органдар ерекше назар аударып, жедел әрекет етуге міндетті. Мәселен, бұған дейін 20 құқық нормасы Конституцияға қайшы деп танылған. Олардың арасында нақты халыққа тікелей қатысы бар қандай нормалар тексерілді?
Біріншіден, Конституциялық сот еңбек өтілін есептеу кезінде жас балаға күтім жасау уақытын есепке алу туралы нормаға түсіндірме берді.
Конституциялық сот бір азаматтың өтініші негізінде Әлеуметтік кодекстің 208-бабы 1-тармағы 8) тармақшасының Конституцияға сәйкестігін тексеріп, зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтілін есептеу кезінде жұмыс істемейтін анаға ғана жас балаларға күтім жасау уақыты есептелетінін, бұл жайт балаларға қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу мәселелерінде ата-ананың екеуінің де тең құқылы қағидатына қайшы келетінін анықтады. Мысалы, өтініш беруші ұлы дүниеге келген соң, екі айдан кейін әйелі ауыр науқасқа ұшырап, баласына өзі қарауға мәжбүр болған. Кейіннен өтініш берушінің балаға күтім жасаған уақыты еңбек өтілін есептеу кезінде есепке алынбаған. Конституциялық сот мұндай жағдайда бала күтімімен отырған ер азаматтың да еңбек өтілі есепке алыну керектігін бекітіп берді.
Екіншіден, Конституциялық сот ұлтты айқындау мен көрсету мәселесі Конституцияға сәйкес болуы керектігін бекітті.
Конституциялық сот «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің (НОтК) 65-бабының Конституцияның 19-бабының 1-тармағына сәйкестігін тексеру жөніндегі өтінішті қарады. Аталған бапта баланың ұлты ата-анасының ұлтымен айқындалады және бұдан әрі ол ата-анасының біреуінің ғана ұлтына өзгертілуі мүмкін деп бекітілген. Десе де, өтініш беруші азамат бала асырап алған. Сәбидің анасы мен әкесі туралы деректер жоқ. Қолда бар мәліметтер негізінде баланың ұлтын айқындауға тырысқан, бірақ растайтын құжаттардың болмауына байланысты жергілікті АХАЖ бөлімдері баланың ұлтын анықтаудан бас тартқан. Кейін соттар да НОтК-нің 65-бабына сілтеме жасай отырып, баланың ұлтын ата-анасының ұлты айқындалмаса, анықтау мүмкін емес деп шешкен. Конституциялық сот өтініш берушінің талабын зерделей келе НОтК-нің 65-бабы Конституцияның 19-бабының 1-тармағына қайшы келетінін анықтады. Себебі аталған тармаққа сәйкес әркім өзінің қай ұлтқа жататынын айқындауға және оны көрсетіп-көрсетпеуге құқылы екені жазылған.
Конституциялық сот Ата заңда ұлтты айқындау адамның өзін-өзі сәйкестендіруімен байланысты жүзеге асатынын, оған отбасылық және туыстық байланыстар мен басқа да жағдайлар әсер етуі мүмкін екенін көрсетті. Ата-анасының ұлтына негізделген таңдау, әрине, басымдыққа ие. Десе де мұндай таңдау түрлі өмірлік жағдайға (ата-анасы белгісіз, олардың ұлты туралы ақпарат жоқ, баланы басқа адамдар асырап алған немесе тәрбиелеген, т.б.) байланысты өзгеруі мүмкін. Яғни НОтК-нің 65-бабы мұндай жағдайларды ескермейді және осылайша Конституцияда белгіленген нормаларға толық сәйкес келмейді.
Конституциялық сот сонымен қатар ұлты жеке басын куәландыратын құжаттарда көрсетілген немесе басқа да құқықтық маңызы бар кезде адамның белгілі бір ұлтқа жатуға деген ұмтылысы жеткіліксіз екенін атап өтті. Мемлекет мұндай жағдайларда адам ұсынған мәліметтерді тексеруі керек. Нәтижесінде «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстегі ата-анасы арқылы ғана ұлтты анықтау тәртібі Конституцияға сәйкес емес деп танылды. Бұл жайт заңнамаға ұлтты анықтаудың балама жолдарын енгізу қажеттігін аңғартып отыр.
Үшіншіден, Конституциялық сот кәсіпкерлік қызмет пен ұйымдасқан қылмысты ажырату қажеттілігіне назар аударды.
Конституциялық сот азаматтың өтініші бойынша: Қылмыстық кодекстің (бұдан әрі – ҚК) 245-бабының үшінші бөлігіне қатысты «қылмыстық топпен» деген сөздер бөлігінде; ҚК-нің 262-бабының; Жоғарғы Соттың 2001 жылғы 21 маусымдағы №2 «Соттардың бандитизм және қылмыстық құқықбұзушылықтарға қатыса отырып, басқа қылмыстық құқықбұзушылықтар жасағаны үшін жауапкершілік туралы заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 11 және 13-тармақтарының (бұдан әрі – ЖС НҚ) Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкестігіне тексерді.
Конституциялық сотқа жоғарыда аталған нормалар негізінде қылмыстар жасағаны үшін кінәлі деп танылған азамат өтінішпен жүгінген. Оның пікірінше, бұл нормалар нақты айқындалмаған, олардың мазмұны кеңейте және екіұшты түсіндіруге мүмкіндік береді, соның салдарынан кәсіпкерлік қызмет ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында жасалған әрекеттермен теңестірілуіне әкеп соққан. Бұл ретте ұйымдасқан қылмыстық топқа тән қылмыстық ниет, уәж бен мақсаттың болмауы ескерілмей қалады.
Конституциялық сот өтінішті қарап, ҚК-нің 262-бабының, ҚК-нің 245-бабының үшінші бөлігіндегі «қылмыстық топпен» деген сөздер бөлігінде, ЖС НҚ-ның 11 және 13-тармақтарының Конституцияға қайшы келмейтінін анықтады.
Конституциялық Сот ҚК-нің 262-бабы ұйымдасқан қылмыстық күреске бағытталғанын және оны ҚК-де белгіленген қылмыстық құқықбұзушылықтың объективтік және субъективтік жақтарының жиынтығы болған жағдайда ғана қолдануға жол берілетінін атап өтті. Мұндай көзқарас Конституцияда көзделген құқықтық анықтық және құқықтың үстемдігі қағидаттарына, сондай-ақ халықаралық міндеттемелерге сәйкес келеді.
ҚК-нің 245-бабының үшінші бөлігіне қатысты Конституциялық сот бұл норманың салық төлеуден қасақана жалтарудың, әсіресе мұндай әрекеттер алдын ала сөз байласу және қатысушылық түрінде жүзеге асырылған жағдайларда жолын кесуге бағытталғанын атап өтті.
Конституциялық соттың ЖС НҚ-ның 11 және 13-тармақтарында қамтылған түсіндірмелер Жоғарғы соттың құзыреті шегінде берілген және Конституцияға қайшы келмейді деп санайды.
Сонымен қатар өз шешімінде Конституциялық сот шаруашылық жүргізуші субъектілерді қылмыстық топ деп тану кезінде формалды көзқарасқа жол берілу ықтималдығына назар аударды. ҚК-нің 262-бабында көзделген белгілер мен ЖС НҚ-ның 11 және 13-тармақтарындағы түсіндіруінде кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырып жүрген, қылмыстық ниеті жоқ коммерциялық ұйымдардың басшылары мен қызметкерлеріне қатысты негізсіз қылмыстық қудалау қаупін тудыруы мүмкін деп атады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент лауазымына кірісе сала алғашқы сөзін: «Еліміздің даму жолындағы осы маңызды мезетте бүкіл қоғам болып, өркендеген, демократиялық, Әділетті Қазақстанды құру идеясының төңірегіне топтасуы керек» деген болатын. Содан бері жасалған бүкіл реформа «Әділдік» деген ұғымды тұғырнама етіп келеді. Қазіргі бұқара елдегі реформалардың мән-маңызын, рухани һәм экономикалық серпінін терең сезініп, халықтық әл-ауқаты артып, құқықтық саладағы санасы сілкіне бастады. Конституциялық соттың қарапайым халықтың да өтінішін қарай бастауы соның айғағы деп білеміз.