Дәрігерлер бүлдіршінге бір емес, екі ота жасауға мәжбүр болған .

Қазір оның жағдайы – ауыр, жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты "Информбюроға" сілтеме жасап.

Жәбірленушінің ата-анасы футбол алаңын салғанымен, қауіпсіздік шараларына немқұрайдылық танытқан мердігерлерді жазалауды сұрайды.

Куәгерлердің сөзінше, түстен кейін топ болып ойнап жүрген балалардың біріне футбол қақпасы құлап кеткен. Ауыр ми жарақатын алған Ямур қазіргі уақытта өмірі үшін арпалысып жатыр.

– Миына екі ота жасалды. Біріншісі, миына қан құйылды. Сол қанды тоқтату үшін, шығару үшін басына дренаж қойылды. Екінші ота мидың ісігі болғаннан кейін жасалды. Содан соң оның сүйегін алып тастап, пластик қойды. Қазір жағдайы ауыр, – деді қайғыдан қан жұтқан Ямурдың анасы Ақпейіл Қаратаева.

Қаршадай қыздың әкесі бар кінәні алаңды салған компаниядан көреді.

– Жұмыстарын дұрыс жасамағанның әсерінен балам осындай жағдайға түсіп отыр. Алдағы уақытта да және бұған дейін де осындай жағдайлар көп болған. Бірнеше рет біздің айтуымызға қарамастан, ол кісілер құлақ асқан жоқ. Бұл жерде мүлде қызмет көрсету болған жоқ, – дейді Тимур Жұмашев.

Оқыс оқиғадан кейін қақпа тез арада қалпына келтірілген.