Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті валюталық заңнаманы бұзудың ірі фактісін әшкереледі, деп хабарлайды Zakon.kz.
Халықаралық ынтымақтастық шеңберінде Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасын бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу бойынша белсенді жұмысты жалғастыруда.
"Ресейдің Федералды кеден қызметімен бірлескен іс-шаралардың нәтижесінде валюталық қаражатты елден тыс жерлерге заңсыз шығару схемасын ұйымдастыру мақсатында Қазақстан аумағында жауапкершілігі шектеулі серіктестікті тіркеген азаматтың орналасқан жері анықталды. Жедел өзара іс-қимыл ақшалай қаражатты шетелге шығару әрекетін тоқтатуға мүмкіндік берді. Сот шешімі бойынша бұзушыға 493 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Сонымен қатар, Өзбекстан Республикасының кеден қызметімен өзара іс-қимыл жасай отырып, Өзбекстан Республикасының азаматына Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасын бұзу туралы хабарлама табыс етілді. Қазіргі уақытта материалдар сот органдарына жіберілді және айыппұлдың болжамды сомасы 52 млн теңгеден асады", деп хабарлайды құзырлы ведомство.
Бұған дейін Ақтауда шетелге заңсыз ақша шығарған компанияға 153 млн теңге айыппұл салынғаны хабарланған.