Қойма, тура мағынасында , қоқыс алаңына айналған.
Астанада жүздеген тұрғыны бар көп қабатты үй апаттың аз-ақ алдында тұр. Үрейлі ел судың астында қаламыз ба деп қауіптенеді, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Айтуларынша, апатқа құрылыс кезіндегі кемшіліктер себеп болуы мүмкін. Әрі жаңадан салынып жатқан нысандар да жағдайды одан сайын ушықтырып жіберген. Өйткені, табиғи көлді көміп, орнына құрылыс жүргізілгелі бері үйлерінің астынан тура мағынасында су шығып, қабырғалары жарылған. Сондықтан, құрылыс жұмыстарын тоқтатуды талап етеді.
Бір кездері аққу қонып, қаз жүзген әдемі айдынның қазіргі сиқы осы. Қойма, тура мағынасында, қоқыс алаңына айналған. Кәріз суы да осында төгіледі. Ал қолаңса иісі қолқаны қабады.
Тұрғындарды алаңдатқаны да осы жайт. Айтуларынша, қазір көп қабатты тұрғын жайдың тұрағы мен жеделсаты шахталары, техникалық бөлмелер суға толған. Салдарынан екі күннің бірінде тоқтары істен шығады.
"Мына жан-жақтан қоқыс әкеліп төгуді қою керек. Ассенизатор туралы айтпай-ақ та қояйын. Бізге тұрғындарға қаншалықты қауіп төніп тұрғанына. Енді лифт жақты көрсетейік суға батып жатқанын. Суды тоқтатқан күйіндегі жағдай мынау, бәрін су алып кетті", – деді Астана қаласының тұрғыны Гүлзат Қапбасова.
Ал әкімдік өкілдері алаңдауға негіз жоқ деді. Айтуларынша, бәрі бақылауда. Өйткені, қазаншұңқырды толтыру жұмыстары уақытша тоқтатылған. Әрі жерасты суларын сорылып, деңгейі 70 сантиметрге төмендетіліпті.
"Жұмыс басталған кезде жерасты сулары көтеріліп, Сарытау 16 үйінің лифт шахталарын су басқан. Бұл жағдай туралы әкімдікке дереу хабар берілді, олар бірден оқиға орнына келіп, мотопомпаларды қойып, суды шығарды. Алайда дренажды сорғыш істемей қалғаны анықталды. Біз пәтер иелері бірлестігі төрағасына жаңа су сорғыш сатып алып, орнатуды ұсындық", – деді Алматы ауданының бас инспекторы Қонақбай Еспаев.
Инспектор үйдің жеделсаты шахталары мен автотұрағы үнемі тексеріліп тұратынын айтты. Сондықтан, тұрғын жайға төнген қауіп жоқ деп сендіріп отыр. Ал қазаншұңқырды топырақпен толтыру – балалардың қауіпсіздігі үшін қолға алынған екен.