Шара "Шанхай рухын ілгерілету, ортақ үйді бірлесе салуды" ұран етті.
Қытайдың Хэнань провинциясындағы Чжэнчжоу қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің бұқаралық ақпарат құралдары мен сараптамалық орталықтарының ауқымды форумы өтті.
Шара "Шанхай рухын ілгерілету, ортақ үйді бірлесе салу" тақырыбымен ұйымдастырылып, Қытайдың 2024-2025 жылдардағы ШЫҰ төрағалығы шеңберіндегі гуманитарлық-сараптамалық бастамаларының біріне айналды.
Форум "Синьхуа" ақпарат агенттігінің бастамасымен, Қытай қоғамдық ғылымдар академиясы мен Хэнань провинциясы үкіметінің қолдауымен өтті. Шараға ШЫҰ-ға мүше, бақылаушы және диалогтық серіктес елдерден 400-ден астам қатысушы жиналды. Олардың қатарында жетекші БАҚ басшылары, сарапшылар, мемлекеттік мекеме өкілдері, халықаралық ұйымдар мен академиялық орта мамандары бар.
Форумда ұсынылған маңызды құжаттардың бірі – Қытайлық зерттеу ұйымдарының "ШЫҰ – ортақ тағдыр қауымдастығы" тұжырымдамасы және мәдени мұраны сақтауға арналған зерттеулері болды. Бұл бастамалар Қытайдың ШЫҰ-дағы стратегиялық басымдығын және ұйымды жаңғыртуға деген ұмтылысын айқындайды.
Оқи отырыңыз: Шанхайда ШЫҰ талдау орталықтарының форумы өтті
Форумда сөз сөйлеген Қытайды зерттеу орталығының директоры Гүлнар Шаймергенова Қазақстанның ШЫҰ аясындағы белсенді ұстанымын таныстырып, нақты ұсыныстарын ортаға салды. Ол ШЫҰ-тың жаңа үлгідегі халықаралық ынтымақтастық моделіне айнала алатын әлеуетін атап өтті. Бұл модель сенімге, паритетке және мәдени әртүрлілікке негізделуі тиіс.
Ұсынылған бастамалар:
- ШЫҰ Тұрақты сараптамалық платформасын құру – өзара болжамдар, кейстік зерттеулер мен ұсынымдар базасын қамтитын үйлестіруші механизм;
- Интеграцияланған гуманитарлық бағдарламалар – сандық мұражайлар, мәдени фестивальдер, жастар кампустары мен академиялық ұтқырлық;
- Көпжақты мультимедиялық хаб – бірлескен медиаконтент өндіру, журналистика кадрларын даярлау;
- Экологиялық дипломатия – жасыл технологиялармен алмасу, экологиялық тәуекелдерді бірлесіп бағалау тетіктерін енгізу.
Гүлнар Шаймергенова атап өткендей, сараптамалық білім мен өзара сенім – ортақ тағдыр қауымдастығы идеясын жүзеге асырудың негізгі факторы. Сондай-ақ, ол Қазақстанның 2024 жылы ШЫҰ төрағалығын табысты аяқтап, өңірлік бастамаларды ілгерілетудегі белсенді рөлін атап өтті.
Форум нәтижелері ШЫҰ кеңістігінде гуманитарлық және сараптамалық бағыттағы ынтымақтастықтың артып келе жатқанын көрсетті. Бұл шара тек диалог алаңы ғана емес, сонымен қатар өңірдің зияткерлік даму бағытын айқындайтын маңызды институционалдық қадам болды.