Әлеуметтік желілерде елімізден Германияға көшіп кеткен бір немістің бейнесөзі тарады. Онда ол екі елді салыстырыпты. «Қазақстанда банк қызметіне 2 минут уақыт кетеді, ал Германияда бұған 3 күніңді жұмсайсың. Сол сияқты ұялы телефон нөмірін де лезде сатып алып, қолдана беруге болады, ал бізде тапсырыс беріп, 7 күн күтесің», дейді. Бұған қоса тағы бірнеше қызмет түрін салыстырады. Бірақ жұрт мақтаған осы жедел қызметтерден халқымыз алаяқтарға жем болып отырған жоқ па?
Біз жиі айтатын «Сақтықта қорлық жоқ» дейтін сөзді шет мемлекеттер ұстанымына айналдырғаны қашан. Технология қарыштап дамыса да, одан керегін ғана алып, зерделеп барып іске қосатын «сауысқаннан сақ» елдің тұрғындары еңбекпен тапқан табысының зейнетін көріп отыр.
Ал біз қоңырау шалып, «шоттағы ақшаңды еселеймін» деген алаяққа ертеңгі күнге деп жинаған тиын-тебенімізді өз қолымызбен беріп отырмыз. Бұған алдымен халықтың ақпараттық сауатсыздығы – себеп. Бірақ киберқауіпсіздікті тиісті деңгейде игере алмай отырғанымызды да жасыра алмаймыз.
Иә, елімізден тарихи отанына кеткен неміс өкілінің сөзі рас. Еуропаның барлық елінде SIM карта (телефон нөмірі) кез келген жерде сатылмайды. Оны алу үшін тапсырыс беру қажет. Тапсырыс берерде шамамен жиырма шақты сұраққа жауап беру керек. Ол 5 жұмыс күннің ішінде қаралады, байланыс операторы оң шешім шығарса, SIM карта 7 күннің ішінде қолға тиеді.
Банк қызметі тіпті жабық. Банк менеджеріне бара салып, анықтама алу деген жоқ. Алдымен маманға жүгіну үшін алдын ала жазылып, баратын күнді, айды, уақытты анық көрсету қажет. Оған барған уақытта да қажетті анықтаманы қолға ұстата салмайды. Өтініш толтыртады, ол ,әрине, 3-5 күнде қаралады. Банк картасын алу тіпті қиын, 1 ай уақыт алады.
Ал бізде 2 минут, терминал аппаратынан зыр еткізіп шығарып береді, ЖСН нөмірі ғана қажет.
Дамыған Еуропада мұндай қызметтерді неге қиындатып жіберген? Бұған бір ғана жауап – ақпараттық қауіпсіздік. Олар 2 минут ішіндегі қызметті білмей отырған ақымақ емес, әрине. Тек халқының алаяқтарға жем болмауын бірінші орынға қойып отыр.
16 маусымда Тelegram-дағы SecuriXy.kz арнасы 16,3 млн тұрғынның жеке деректері таралып кеткенін хабарлады. Таралған CSV файл ішінде адамдарлың аты-жөні, жынысы, туған күні, ID идентификатор, ЖСН, мобильді, жұмыс, үй телефондарының нөмірі, азаматтығы, ұлты, мекенжайы, тұрғылықты мекенжайының расталғаны туралы ақпарат, тіркелген күні мен тіркеуден шыққан күні бар. Бұл деректер алаяқтардың жұмысын тіпті жеңілдетіп жіберді. SecuriXy.kz мәлімдегендей, таралып кеткен құпия жеке деректер арасында ЖСН және байланыс телефондары бар. Бұл өте қауіпті. Мұндай деректер фишинг, әлеуметтік инженерия, құжаттарды қолдан жасау, телефон алаяқтық үшін падаланылуы мүмкін. Бұл ақпаратты Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының президенті Олжас Сәтиев те растап отыр.
Құзырлы орган таралып кеткен деректердің мемлекеттік жүйелерден таралмағанын айтты. Жеке деректер жекеменшік ақпараттық жүйелерден таралған болуы мүмкін. Соның ішінде қызмет көрсету салалары мен микроқаржы ұйымдарынан алынуы әбден ықтимал. Ұрланған мәліметтер арасында 2023–2024 жылдардың да деректері бар. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі таралып кеткен деректер 2022 жылы жасақталған мәліметтер екенін айтты. Алайда ЖСН адамға өмір бойына беріледі, ұялы телефон нөмірін де қазір жиі ауыстыра бермейміз, осыны қаперге алсақ, бұған бейжай қарап отыруға болмайды.
Қазір министрліктің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті құқық қорғау және арнайы органдармен бірлесіп кешенді тексеру жүргізіп жатыр. Бұдан соң тиісті шаралар қабылданар, бірақ алаяқтардың қолынан жеке деректерді тартып ала алмасымыз белгілі. Олар оны алдағы уақыттарда да «азық» қылары анық. Ендігі жерде әр адамның өзі сақтануы қажет. «Банк қызметкері болып телефон шалатындардың сөзіне, ұялы телефонға келетін sms код сұралатын хабарламаларға жауап бермеу қажет», деп ескертеді мамандар.
Жедел қызметтің бір зардабы – осы.