"Хакерлік шабуыл" салдарынан Ресейдің бірнеше өңірі "оқшауланып" қалды, жүздеген рейс тағы доғарылды, коллапс басталған .

DW жазуынша, хакерлердің қатысы болуы мүмкін шабуылдың нәтижесінде "Аэрофлоттың" ақпараттық жүйесі күйреген.

Салдарынан, РФ-тің бірнеше өңірімен әуе байланысы үзілді. Ақпарат құралдары әсіресе, Қиыр Шығыс пен Ресейдің Еуропадағы эксклавы – Калининград облысы "оқшауланып" қалғанына назар аудартты. Сочиге, Минводыға және шетелге бет қойған ресейлік саяхатшылар арманына қарай аяқ баса алмай, кезекті рет әуежайда қамалып қалды.

Өз кезегінде жүйесінің жайрап қала жаздағанын ішінара мойындаған "Аэрофлот" рейстердің кейінге қалдырылатынын, кейбірінен мүлдем бас тартылғанын жариялады. Ол жолаушыларынан әуежайлардың ақпараттық таблосы мен ресми сайттарында пайда болып, үнемі жаңаратын деректерді бақылап отыруды сұрады.

Ресейлік жолаушыларға содан басқа амал қалмаған еді. Компания ұшулардың өндірістік жоспарын орындауға төнген қауіп-қатерді хәлі жеткенше азайтуға тырысатынын қосты.

Ізінше "Аэрофлоттың" ақпараттық сервистерінің құлауына өзінің қатысы барын Silent Crow хакерлік тобы мәлімдеді. Ресейлік "Коммерсантъ" жазуынша, бұл топ "Киберпартизаны BY" хакерлерімен тізе қосып, 2024 жылғы шілдеден бері "Аэрофлоттың" корпоративтік желісіне кіріп алған. Барлық деректерін көшіріп, артынан ішкі ІТ-инфрақұрылымын толығымен жойып жіберген-мыс.

Хакерлер "Аэрофлоттың" физикалық және виртуалдық 7 мыңдай серверін құртқанына сендіріп бақты.

"Біз компанияның корпоративтік желісіне еніп алып, 1 жыл бойы бұғып жаттық және өзіміз үшін қажетті қолжетімділікті бірізді түрде кеңейттік. Біз мынаны жасай алдық: әуе тасымалдаушысының барлық ұшулар тарихы туралы деректер базасын, тың тыңдау серверлерінің, сондай-ақ персоналды бақылау және қадағалау жүйелерінің деректерін қолға түсіріп, жүктеп алдық. Барлық сындарлы корпоративтік жүйелеріне нұқсан келтірілді. Жоғарғы басшылығын қоса алғанда, қызметкерлерінің дербес компьютерлерін бақылауға алдық", – деген Silent Crow мәлімдемесінен үзінді келтірді германиялық жетекші "Дойче Велле" басылымы.

Олар таяу уақытта қол жеткізген құпия ақпараттардың бір бөлігін жариялауға кірісуге уәде етті.

"Деректер базасынан алынған ақпараттың біздің қолымыздағы көлемі 12 ТБ! Осы барлық ресурс компания үшін енді қолжетімсіз немесе жойылған. Оны қалпына келтіру ондаған миллион долларға түсуі мүмкін. Келтірілген залал – стратегиялық!" – деген Silent Crow хакерлерінің Telegram-арнасында жарияланған мәлімдемесін ресейлік "Cnews.ru" порталы келтірді.

Хакерлердің басын біріктіретін Silent Crow және "Киберпартизаны BY" топтары ресейлік және беларусьтік мемлекеттік ІТ-жүйелерге жасалған кибершабуылдар үшін бұған дейін де өз мойындарына жауапкершілік алды. Silent Crow 100-ден аса ірі компанияның жүйесін жайратқанын айтып, мақтанады, бірақ олардың атын атамайды.

Хакерлердің ІТ-жүйені толық жойғанын жариялағанына қарамастан, РФ-та біраздан соң рейстерге тіркеу штаттық режимде жалғасты. Дегенмен, бұл түйткілдің толық шешілгенін білдірмейді.

Ресейлік ақпарат құралдары "тасымал коллапсы" жалғасын тапқанын жеткізді. Мысалы, "Аэрофлот" өкілдері кеше мәскеулік Шереметьеводан Астанаға, Ташкентке, Минскіге, Ереванға және басқа да бағыттарға халықаралық рейстерден бас тартылғанын мәлім етті.

Тек "Аэрофлот" қана емес, "Россия" және "Победа" әуе тасымалдаушылары да 100 рейс доғарылатынын жариялады.

"Свой Банк" АҚ ақпараттық қауіпсіздік басқармасының басшысы Алексей Ахмеевтің түсіндіруінше, осыдан кейін ірі бизнес деректерін қорғауға деген салғырт көзқарасын қайта қарауы қажет.

"Егер компания киберқауіпсіздікке жете қаржы салмаса, онда хакерлер ІТ-жүйесін жоя алады. Бірақ "Аэрофлоттың" мәртебесін ескерсек, мұнда басқа жағдай болса керек. Басты қатер – дербес деректерін, төлем туралы ақпараттарын қоса алғанда, жолаушылардың мәліметтерінің сыртқа ағып кетуі. Бизнес киберқауіпсіздігін күшейтуге тиіс. Бұл енді – шығыстың кезекті бабы емес, стратегиялық инвестиция. Бұған салғырт қарай берсе, мұндай ІТ-инциденттер жиілеп, қалыпты іске айналады", – деп қорытты эксперт.

"Аэрофлот" әуе компаниясына қатысты жағдайға қазақстандық Көлік министрлігі де түсініктеме берді. Өйткені кеше компания "Мәскеу – Астана – Мәскеу" рейсін "техникалық себептерге байланысты" орындамады, деп жазды kazinform.

"Барлық жолаушыларға хабарлама жіберілді. Тасымалдау SU1914/1915 рейсімен жүзеге асырылады. Рейстің мәртебесі өзгерген жағдайда барлық қызмет қолданыстағы заңнамаға сәйкес ұсынылады. Компания барлық жолаушыға рейстердің мәртебесін алдын ала тексеріп отыруға кеңес берді", – делінген министрлік хабарламасында.

Ведомство "Аэрофлот" өкілдерімен жедел кеңес өткізді. Соның барысында жолаушыларға алдын ала ақпарат беру және тиісті қызметтер көрсету қажеттігі айтылған.

"Бұл мәселе министрліктің ерекше бақылауында", – деді министрлік.

"Аэрофлот" компаниясы Ресейдің ең ірі авиациялық тобы болып табылады. Оның құрамына "Аэрофлот", "Россия" және "Победа" авиакомпаниялары кіреді. 2024 жылы барлық үш компания 55,3 миллион жолаушыны тасымалдаған. Биылғы көрсеткіші әлдеқайда аз болуы ықтимал. Осы алпауыт ресейлік авиатасымал нарығының 42,3%-ын бір өзі иемденеді.

ВВС кейінгі кезеңде ресейлік азаматтық авиацияға бірнеше бағыттан жойқын соққы беріліп жатқанына назар аудартты. Бір жағынан, РФ әуе компанияларына ұшақтарды және олардың запастық бөлшектерін сатуға тыйым салатын халықаралық санкциялар әрекет етуде.

Екінші жағынан, ресейлік аспан кеңістігіне қарсыласының қашыққа ұшатын ірі дрондарының жиі енуіне байланысты тіпті РФ-тің ішкері өңірлерінде, соның ішінде Мәскеуде авиарейстерді орындау дүркін-дүркін тоқтатылады.

Мысалы, TourDom мамандандырылған порталы ресейлік туристердің "кілемнен қорқатынын" ("Боимся ковров"), сондықтан шетелге саяхаттаушылар қатары сирей бастағанын хабарлады. Бұл жерде әңгіме "Кілем" операциясының мезгіл-мезгіл жариялануы кесірінен, әуе көліктерінің әуежайлардан ұшуына тыйым салынуы, жолаушыларға әуежайларда түнеуге тура келетіні туралы болып отыр.

Дрондар шабуылына орай "Аэрофлоттың" базасы саналатын Шереметьево әуежайының жұмысы да бірнеше рет доғарылды.

Кремль хакерлердің "Аэрофлотқа" қуатты шабуылына қатты алаңдауда, бұл жөнінде ресейлік "Интерфакс" мәлім етті.

"Біз осыған қатысты келіп жатқан ақпараттар легін оқып жатырмыз. Мұның жай-жапсарын білу үшін, әрине, журналистер үкіметке, көлік министрлігіне және авиакомпанияның өзіне жүгінгені жөн. Бірақ біз оқыған ақпараттың өзі мазамызды қашырып отыр", – деп ашығын айтты РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.

Ол мұндай сын-тегеуріннің тек артуы мүмкін екенін ескертті.

"Хакерлік шабуылдар – халыққа қызмет көрсететін барлық ірі компаниялар үшін де сақталып тұрған қауіп-қатер. Ақпаратты ары қарай нақтылаймыз! Жауапты тұлғалардан түсініктемелер алынады", – деді Кремлдің өкілі.

"Аэрофлот" сайтының ресми дерегінше, тек дүйсенбіде ғана 78 рейс доғарылған. Соның ішінде компанияның өзінің және еншілес "Россия" авиакомпаниясының Мәскеуден өзге бағыттарда ұшатын 19 рейсінен және кері бағытта 16 рейсінен бас тартылған. Бұрын жоспарланған 53 рейс кейінге ысырылған.

Әйтсе де, "Интерфакс" шын мәнінде кешегі күні РФ астанасынан шамамен 370 рейс және Мәскеуге бағытталған 381 рейс зардап шеккенін хабарлады.

Петербордан 6 рейс ұшпай қалды және тағы 9-ы кідіртілді. Бұл қалаға жетуге тиіс 20 рейс тоқтатылған. Бұл ресми ақпарат. Ал, іс жүзінде кестеде петерборлық "Пулководан" ұшатын 147 әуе көлігі мен оған келуге тиіс 148 ұшақ болған екен. Көршінің екінші астанасының әуе қақпасындағы да ығы-жығы халық, ұзын-сонар кезектер рейстердің әлдеқайда көбінен бас тартылуы мүмкін екенін паш етеді.

Калининградтық "Храброво" әуежайында Мәскеуге, Санкт-Петербургке, Екатеринбургке, Ивановоға және басқасына бағытталған ондаған рейстің кешігіп жатқаны немесе бас тартылғаны туралы осы аэрокешеннің баспасөз қызметі құлағдар етті.

"Ұшулар кестесіндегі өзгерістер ақпараттық жүйелердегі ақаулар кесірінен туындады. Ұшып келулер бойынша да, ұшып кетулер бойынша да кешігулер мен бас тартулар орын алуда", – делінген ресми хабарламады.

РФ Бас прокуратурасы "Аэрофлот" ақпараттық сервистеріне хакерлік шабуыл фактісі бойынша қылмыстық істің қозғалғанын мәлімдеді.

"Прокурорлық тексеру материалдары негізінде РФ Қылмыстық кодексінің 272-бабының 4 тармағында қарастырылған қылмыс (компьютерлік ақпаратқа заңсыз қол жеткізу) нышандары бойынша қылмыстық іс қозғалды", – деп хабарлаған қадағалау ведомствосы ақпараттық жүйелердің күйреуіне хакерлік шабуыл себеп болғанын жеткізді.

Бұған қоса, Бас прокуратураның тапсырмасымен, Мәскеу өңіраралық көлік прокуратурасы шамамен 140-тан астам рейстің айналасында қалыптасқан күрделі ахуалды жеке бақылауға алыпты.

"Аэрофлот" өз ІТ-инфрақұрылымындағы ақаулар кесірінен "рейстерден ішінара бас тарту жолымен ұшулар кестесіне мәжбүрлі түрде түзету жүргізіп жатқанын" мәлім етті.

Өзге әуе компанияларына ауыстыру арқылы кеше әуе тасымалдаушысы шамамен 40 рейсін ғана жүзеге асырылған. Турагенттіктер ұшулар кестесіндегі былық тағы бірнеше күн жалғасуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.