Ұлттық статистика бюросы қазіргі Қазақстан аумағындағы халық санының XIX ғасырдың соңынан бері қалай өзгергені туралы құнды мәліметтерді жариялады, деп жазады Egemen.kz.
Ресей империясының 1897 жылғы алғашқы жалпыхалықтық санағының деректеріне сәйкес, кейінірек Қазақ АССР-інің құрамына енген жерлерде 4,3 млн адам тұрған екен. Олардың 3,5 млн қазақ болған.
Бюро мәліметінше, халық санының жылдар бойынша өзгеру динамикасы мынадай:
•1913 ж. – 5,5 млн
•1920 ж. – 5,4 млн
•1922 ж. – 5,3 млн
•1939 ж. – 6 млн
•1959 ж. – 9,2 млн
•1970 ж. – 13 млн
•1979 ж. – 14,6 млн
•1984 ж. – 15,6 млн
Тәуелсіздік алғаннан кейін, 1991 жылы Қазақстан халқының саны 16,4 млн адам болған. Алайда көші-қон үдерістеріне байланысты 2000 жылы бұл көрсеткіш 14,9 млн дейін азайып кеткен. 2010 жылы халық саны қайтадан 16 млн межесін бағындырып, 16,2 млн адамға жеткен.
2023 жылғы қарашада еліміздегі халық санында тарихи көрсеткіш тіркелді. Сол жылдың сан дерегіне сай Қазақстан халқы алғаш рет 20 миллионнан асты. Ал 2025 жылғы 1 маусымдағы кейінгі деректерге сәйкес, Қазақстан халқының саны 20,3 млн адамға жеткен.