Алматы облысы Қарасай ауданында тасжол бойындағы құрғақ шөп өртенді. Жол бойында орналасқан ауыл тұрғындары өрттің видеосын редакцияға жіберді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Құрғақ шөптің өртенгені туралы хабар Қарасай ауданы Жандосов ауылы тұрғындарынан Алматы облыстық ТЖД-ның кезекші бөліміне түскен.
"Оқиға орнына Алматы облысы мен Алматы қаласының ТЖД-ның 8 қызметкері мен 2 техникасы шұғыл жіберілді. Оқиға орнына келгенде бір гектар аумақта құрғақ шөп пен 50 құрғақ ағаштың өртеніп жатқанын анықтады", – делінген ТЖД хабарламасында.
Ведомство мәліметінше, өрт сағат 21:56-да толығымен сөндірілген. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.
Айта кетейік, жұмада кешке ТЖМ құтқарушылары Алматы қаласындағы Медеу ауданында таудың етегінде шыққан өртті оқшаулап, кейін толық сөндірген еді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!