Астанада 1 тамызда жол қозғалысы уақытша шектеледі. Бұған себеп — әлемге әйгілі әнші Дженнифер Лопестің концерті, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы Астана қаласының әкімдігі хабарлады.

"Ауқымды концерт өткізілуіне байланысты, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қонақтардың іс-шара өтетін жерге ыңғайлы келіп-кетуі үшін "Астана Арена" стадионы маңында – "Алау" мұз сарайы мен "Сарыарқа" велотрегінің жағында автокөлік қозғалысы уақытша шектеледі", – делінген әкімдік хабарламасында.

Тұрақтар қайда болады?

Автокөліктерді "Астана Арена" стадионының аумағына, "Алау" мұзсарайына, "Барыс Арена" аумағына, "Сарыарқа" велотрегіне, сондай-ақ Ботаникалық бақтың Бұқар жырау мен Орынбор көшелеріне қараған жағына, Керей мен Жәнібек хандар көшесі маңына және басқа да тұрақ орындарына қоюға болады.

Арнайы шаттл-бастар жүреді

Jennifer Lopez концертіне келушілер үшін қала бойынша бес нүктеден "Астана Арена" стадионына дейін және кері бағытта арнайы шаттл-бастар ұйымдастырылады:

  • Астана циркі маңындағы тұрақтан
  • "Хазрет Сұлтан" мешіті жанынан
  • "QAZAQSTAN" спорт кешені маңынан
  • Тұран даңғылы жағындағы Орталық саябақтан
  • "Бас мешіт" маңынан

Шаттл-бастар концерт басталғанға дейін және аяқталғаннан кейін екі бағытта қатынайды.

Ұйымдастырушылар кептеліс пен тұрақ тапшылығын болдырмас үшін тұрғындарға қоғамдық көлік пайдалануға кеңес береді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget