Оның басты мақсаты – стартаптарға экологиялық таза технологияларды дамытуға қажетті дағдыларды үйрету.

28-31 шілде күндері елордадағы ҚР Президенттік орталығында «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ ұйымдастыруымен GCIP-Kazakhstan Ұлттық академиясы өтеді.

Бұл – таза технологиялар саласындағы флагмандық акселерациялық бағдарламаның үшінші циклінің негізгі білім беру кезеңі.

Академияға 2025 жылғы конкурстық іріктеуден өткен стартаптар қатысады. Қатысушылар энергия тиімділігі, жаңартылатын энергия көздері, қалдықтарды басқару, тұрақты су пайдалану, таза көлік және озық материалдар сияқты бағыттар бойынша жобаларын ұсынады.

GCIP-Kazakhstan Ұлттық академиясының басты мақсаты – стартаптарға экологиялық таза технологияларды дамытуда және нарыққа шығуда қажетті дағдыларды үйрету. Оқыту бағдарламасы бизнес-жоспарлау, тұрақты даму, нарықтық стратегия құру және инвестициялық тартымдылықты арттыру салаларын қамтиды.

Академия аясында халықаралық және отандық сарапшылардың қатысуымен қарқынды тренингтер өтеді. Бизнес-модельдер әзірлеу, шетелдік нарықтарға шығу, инвесторлармен жұмыс және серіктестік орнату бойынша практикалық сабақтар ұйымдастырылады. Оқытуды тұрақты технологиялар саласындағы жетекші сарапшылар – Network for Global Innovation (NGIN, АҚШ) мамандары жүргізеді.

GCIP-Kazakhstan бағдарламасын Біріккен Ұлттар Ұйымының Өнеркәсіптік даму ұйымы (UNIDO) мен Жаһандық экологиялық қор (ҒЭҚ) қолдайды. Бұл бастама шағын және орта бизнесті дамыту мен инновацияларды алға жылжытуға бағытталған халықаралық жоба болып табылады. Қазақстан – Орталық Азиядағы осы жобаға қатысатын жалғыз ел.

Бағдарлама іске қосылғалы бері тұрақты нәтижелерге қол жеткізіп келеді. 2023-2024 жылдары 200-ден астам өтінім түссе, биыл 350 өтінім қабылданып, 50 стартап акселерацияға іріктелді.

GCIP-Kazakhstan Ұлттық академиясы Қазақстандағы экологиялық стартаптардың дамуына серпін беріп, тұрақты инновациялардың экожүйесін қалыптастыруға ықпал етеді.


Оқи отырыңыз:

  • Еуропа банкі Қазақстанда жасыл инвестицияларды қолдауға 25 миллион доллар бөлді
  • Қазақстан мен Өзбекстан жасыл стартаптар бойынша ынтымақтастық келісімдерге қол қойды