Air Astana әуе компаниясының Дубай-Астана бағыты бойынша ұшатын №206 рейсі белгісіз себеппен әуежайда қаңтарылып тұр.
Қазіргі таңда жолаушыларға әрі қарай не болатыны туралы нақты ақпарат берілмеген, деп жазады inbusiness.kz сайты Қазақпаратқа сілтеме жасап.
Жолаушылардың айтуынша, рейстің кешігуіне қарамастан олар ұшаққа отырғызылған. Алайда ұшақ уақытында ұшпаған: жолаушылар шамамен бір жарым сағат бойы бортта қамалып, жоғары температурада отыруға мәжбүр болған. Нәтижесінде жолаушылардың бірі өзін жайсыз сезіне бастаған. Осыдан соң экипаж барлық жолаушыларды Дубай әуежайының ғимаратына қайта шығару туралы шешім қабылдаған.
Air Astana компаниясы бұл жағдайға байланысты әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.
Рейс жергілікті уақытпен 02:00-ге қалдырылғаны белгілі болды. Жолаушылар қайтадан қонақ үйге жеткізілді.