Риддердегі жылу электр орталығында қазандықтар, турбиналар мен жылу желілері күрделі жөнделіп жатыр.

Сондай-ақ қосалқы қазан агрегаттары сынақтан өткізілуде. Ұзындығы 6 шақырым магистральді жылу құбыры да ауыстырылады.

Орталықта 90-ға жуық қызметкер аусыммен жұмыс істеп, жылыту маусымына қызу дайындық жүргізіп жатыр. Апаттың алдын алып, төтенше жағдайы болдырмау маңызды- дейді мамандар. Былтыр ақпанда газ-ауа қоспасы жарылып, отын беру желісі бүлінген еді. Энергетиктер қазір сол ескі жабдықтарды жаңартып, қосалқы қондырғыларды орнатып жатыр. Бұл жұмыстарды қоғам белсенділері бақылауға алған. Жөндеу жұмыстары кезінде қалада ыстық су беру уақытша тоқтатылды.

Болатхан Күзембаев, Риддер қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі:

- Ең үлкен сұрақ қалаға қашан ыстық су беріледі деген. Енді ыстық суды августтің басында береміз деп отыр. Қалай болса да мердігердің жұмысына байланысты. Қалада қазір тұрбалар ауысып жатыр. 6 км тұрба ауыстырады екен. Бұл үлкен жұмыс.

Риддердегі жылу құбырларының 70 проценті тозған. Қазір қала көшелері қазылып, ескірген құбырлар жаңартылуда. Өңірде қыстың қатты болатыны белгілі. Осыған байланысты жаңа құбырлардың сырты бетонды қабатпен қорғалады.

Кирилл Голота, Риддер ЖЭО бас инженері:

- Қазір 9 учаскеде жылу желілерін ауыстыру үшін 66 адам мен 44 техника жұмылдырылған. Бұл жалпы жоспарланған 23 учаскенің бір бөлігі ғана.

Облыста тағы бірнеше жылу электр орталығы мен қазандықтар жаңғыртылып жатыр. Бұл жұмыстарға 22 млрд теңге бөлінген.

Нұрлан Рамазанов, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

- 23 участокта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. сонымен қатар қазандықтар бізде Глубокое кентінде, Алтай ауданында, Ұлан ауданында және тағы басқа қазандықтарда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жергілікті атқарушы органдармен басқарма тарапынан бақылау және қадағалау әрқашан жүргізілуде.

Елімізде жылу электр орталықтары мен қазандықтарды жөндеуге 370 млрд теңгеден астам инвеситиция құйылған. Бұл тариф саясатын түзету есебінен ғана емес, сондай-ақ Үкімет резервінен де бөлінген қаржы.

Асланбек Шығыр, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин